Болат Назарбаевтың бәйбішесі қайтыс болды
АЛМАТЫ. 30 маусым. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевтың бірінші әйелі Гүлжан Назарбаева қайтыс болды. Бұл туралы «Sputnik Қазақстан» хабарлады.
Мұны «Айша» қоғамдық қорының директоры Айша Оразбаева растады.
«Гүлжан кеше қайтыс болды. Бүгін жерледі. Ол кісінің бұрыннан жүрегі ауырады екен, содан қайтыс болды, басқа ауру емес», – деді Айша Оразбай «Sputnik Қазақстан» тілшісіне.
Айтуынша, Елбасының келіні Шамалған ауылының маңындағы Шұбарат зиратына жерленген.
«Шұбаратқа жерледі. Ол жерде тұңғыш президенттің әке-шешесі жатыр. Бірақ карантинге байланысты ешкімді кіргізбеді», – деді ол.
Болат Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі. Қазір жасы 67-де. Ашық деректерге сүйенсек, Елбасының бауыры – «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының негізін қалаушы, BN Invest холдингінің жетекшісі. Бірнеше рет үйленген.