Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцина шығарылады
ТАРАЗ. 15 маусым. Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцина шығарылатын зауыттың құрылысы басталды. Бұл туралы облыс әкімдігінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Жаңа зауыттың іргетасы облыстың Қордай ауданындағы Гвардейский кентінде қаланды. Ол – Отар станциясының түбіне орналасқан бұрынғы әскери қалашық. Нысан Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жанындағы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыт ретінде бой көтереді.
Осыған арналған шараға Премьер-министр Асқар Мамин, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Зауыт тиісті өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандарты бойынша иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина шығаратын болады. Қазіргі таңда Қазақстан ҒЗИ-ның COVID-19-ға қарсы кандидаттық вакцинасы ДДСҰ тізіміне енгізілген және клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтіп жатыр.
Сондай-ақ кәсіпорында пандемиялық тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке, ұсақ күйіс қайыратын жануарлар обасына, қой мен ешкінің контагиозды эктимасына, қой шешегіне, құтырмаға және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар шығарылады.
Құрылыс жұмыстарын биыл желтоқсан айында аяқтау көзделіп отыр. Зауыт жыл сайын биофармацевтикалық препараттардың 60 млн дозасына дейін өндіреді деп жоспарланған.