Басты бағанЖаңалықтар жаңғырығы

САРАТС жобасының екінші фазасын шұғыл бастау керек

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға ұсыныс хат

Құрметті Гүлшара Наушақызы!

Сыр еліне, ата-бабаларыңыздың туған жеріне облыс әкімі болып басқан қадамыңыз құтты болсын. Қызылорда облысының өсіп-өркендеуіне мұрындық болып, сол арқылы өзіңіздің абыройыңыздың асқақтауына шын көңілден тілектеспін.

Аймақтың шешілуге тиісті мәселелерінің көп екені белгілі. Алайда, кезек күттірмейтін, бүкіл халықтың көңілінен шығатын, шұғыл орындалуына бар мүмкіндікті жұмылдыратын ең зәру мәселе – бұл «Дүниенің сегізінші кереметіне» баланып жүрген, ғасыр жобасы атанған «Кіші Арал» проблемасын түпкілікті аяқтап, Арал теңізінің Қазақстан бөлігінің жиегін Арал қаласына жеткізу деп есептеймін. Бұл мәселе түгел шешілсе, аймақтың экологиялық, экономикалық, әлеуметтік проблемасын шешуге зор үлес қосатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде «Кіші Арал» өмірге келгелі облыс тұрғындарының балықты аулайтыны, таситыны, өңдейтіні, сататыны, тұтынатыны бар, орташа есеппен жиырма мыңнан астам адам осы кәсіптен нәпақасын тауып, күнін көріп отыр. Бұл облыста орташа отбасы мүшелері бес адам дейтін болсақ, жүз мыңнан астам адамның күнкөрісін қамтамасыз ететін негізгі кәсіпке айналып келеді.

Егер «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» (САРАТС) жобасының екінші фазасы шұғыл басталса, «Кіші Аралдың» акваториясы қазіргіден үш есеге ұлғайып, балық аулау көлемі бұдан үш-төрт есеге артады. Сонымен бірге, өңірдің экологиялық жағдайы бұдан да жақсаратыны сөзсіз. Осы уақытқа дейін түрлі негізсіз себептермен басталмай келген САРАТС жобасының екінші фазасын шұғыл қолға алуға шара көріп, Арал теңізінің Қазақстан бөлігін түгел суға толтырсаңыз, Сыр елінде аты мәшһүр, даңқы жер жарған Тұмар (Томирис) патшайым секілді аймақ түгілі, Қазақстан тарихында атыңыз алтын әріппен жазылатын алғашқы әйел әкім ретінде тарихи тұлға болып қаласыз.

Арал проблемасы жөніндегі Орта Азия мемлекеттерінің бес президенті қатысқан, Қызылорда қаласында өткен нөмірі бірінші халықаралық конференциясын өткізу жөніндегі жұмысшы тобының төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде Арал мәселесімен жан-жақты айналысқан адам есебінде Сізге төмендегі жағдаяттарды баяндауды міндетім деп есептеймін.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қызылорданың тарихи жерінде аталған конференция өтіп, Орта Азия мемлекеттерінің бес президенті қол қойған халықаралық Аралды құтқару қоры құрылып, оның жарғысы бекітіліп, конференция шешіміне сәйкес, «Арал тағдыры – адамзат тағдыры» деген атпен дүние жүзінің барлық мемлекет басшыларына Үндеу жолданып, халықаралық қауымдастықтардың қолдауына ие болды. Осы конференциядан кейін экологиялық апат аймағындағы  Арал өңірі халқын әлеуметтік қорғау туралы заң қабылданып, тұрғындарға жалақыға қосымша коефицент, қосымша демалыс күндері, экологиялық сауықтыру жәрдем ақысы т.б. заңда көрсетілген жеңілдіктердің шарапатын жиырма бес жылдан астам уақыт халық көріп отыр. Арал проблемасы жөніндегі конференция шешіміне сәйкес, САРАТС тарихи жобасы өмірге келді.

Аталмыш жобаның басы-қасында болған адам есебінде айтарым: Дүние жүзі банкісі Қазақстан Үкіметінің кепілдігімен қаржыландырған жоба оңайлықпен өмірге келген жоқ. Жобаның техникалық, экологиялық, экономикалық негіздемелері талай талқылаудан өтіп, қазақстандық, шетелдік мамандардың қатысуымен зерделеніп, тәуелсіз сараптамалардан өтіп, бір пікірге келгесін қаржыландырылды. Дүниежүзілік банк қайтарымы жоқ, негізсіз, шала жобаны өмірде қаржыландырмайды. САРАТС жобасы бірнеше фазалардан тұратын болып бекітілген.

Бірінші фаза жұмысы қызу жүріп жатқан кезде сол кездегі облыс әкімі И.Адырбековтің тікелей қолдауымен, мен Арал ауданы әкімі кезімде Елбасының арнайы іссапарын Арал ауданына жоспарладық. Президент 2005 жылғы 27 сәуірде Көкарал бөгеті құрылысында болғанда сұрақты  сол жерде болған нысанды жобалаушыларға, құрылысшыларға, қаржыландырушыларға тікесінен қойды. Осы жоба біткенде, Кіші Арал жиегі Арал қаласына жете ме, деп сұрады. Олар 25-30 шақырым жетпейді, ол үшін шұғыл САРАТС жобасының екінші фазасын бастау керек деді. Сонда Президент «Олай болса, дереу САРАТС жобасының екінші фазасын бастаған дұрыс, егер Дүниежүзілік банк қаржыландыруды кешеуілдетсе, Қазақстанның да қазір өзінің  қаржыландыруға мүмкіндігі бар» деген саяси шешімін жария еткен болатын.

«Кіші Арал» (САРАТС ) жобасының бірінші фазасы 2005 жылы  аяқталып, теңіз жиегі Арал қаласына күткендегіден де тез жақындап, 17-20 шақырым жетпей қалды. Енді шұғыл екінші фазаны бастаудың орнына гидромилиорация, гидроқұрылыс саласынан хабары аз, мен өзім қатты қадірлейтін жазушы ағаларымыз бен кейбір журналистер облысқа жаңа келген басшыға кереғар пікір тудырып, бөгет дұрыс салынбаған, Көкарал бөгетінің  биіктігін көтеру керек ,балық пен су Ұлы теңізге босқа ағып  жатыр деп, негізделмеген кұр даурықпа байбалам салып, басталайын деп тұрған жобаның екінші фазасын тоқтатып қоюға дейін барып, елге де, экологияға да, экономикаға да көре көзге обал жасады. Сол сәуегейлердің  артық кеткені сонша, тіпті маман болмаса да, қолына невилир ұстап, су деңгейін, жер деңгейін өлшеп көрмесе де, маман сияқты пікірлер қалыптастырып, топырақты, тасты, құмды, қайдан алу керек, каналды  қайдан қазу керек деген мәселелерге араласып, елді шатастырып болды. Осындай популистік көзқарастар салдарынан құрып кеткен 32 түрлі балықтың «Кіші Аралда» 28 түрі ауланып, жоғарыда көрсетілгендей, жүз мыңнан астам облыс халқының  нәпақасынан  қазіргі таңда Көкарал бөгетінен су  құлап кетсе, айрылып қалу қаупі туындап отыр.

Мен жазушылар мен журналисттерге талай айттым, «Сіздер маман емессіздер, халыққа жандарыңыз ашыса, САРАТС жобасының екінші фазасы неге басталмай жатыр, Президенттің тапсырмасы, саяси шешімі неге орындалмай жатыр, «Кіші Аралдың» жиегі Арал қаласына қашан келеді, деп дабыл қағыңыздар, қалған жағын бөгетті қалай, қайдан салады, екі деңгейлі теңіз бола ма, бір деңгейлі теңіз бола ма, ол мәселені мамандарға қалдырыңыздар» деп талай ескертім. Міне, осындай пайдасыз, негізсіз пікірлердің салдарынан 7 жылдан бері екінші фаза басталмай тұр. Ол басталып біткенде, қазір Ұлы теңізге су да, балық та ақпаған болар еді. Қорыта айтқанда, САРАТС жобасының екінші фазасының осы уақытқа дейін басталмауы – халық, ұрпақ алдындағы кешірілмейтін күнә.

Кейбіреулердің САРАТС жобасының бірінші фазасында қате кетті деуі дұрыс емес. Алғашында САРАТС жобасы бірнеше фазалардан тұратын болып межеленген. Бірінші фазасы ақталған бойдан, шұғыл екінші фазасын, сосын үшінші  фазасын бастау керек еді. Сондықтан САРАТС жобасының бірінші фазасында Көкарал бөгетінен балық өткізгіш құрылысын салу қарастырылмаған.

Алайда, САРАТС-тың екінші фазасын бастаудың орнына, орындалуы қауіпті,мүмкіндігі күмәнді  Көкарал бөгетін қайта салуды қаузап, уақытты босқа өткізіп алдық. Сондықтан Көкарал бөгетінен айырылып қалу қаупі туындап отыр.

Облыс аумағынан жаңа су қоймасын салу жөніндегі кейбір орынсыз пікірлерді тоқтатып, САРАТС-тың екініші фазасын шұғыл бастамаса, Көкарал бөгетіне де кешегі Өзбекстандағы «Сардоба» бөгетінің күні қайталануы әбден мүмкін.

Кезінде пайдасы күмәнді Көксарай су қоймасын салуды тоқтатып, оған кеткен шығынның орнына САРАТС жобасының екінші фазасын бастауды да ұсынғанбыз. Жобаның екінші фазасы біткесін, үшінші фазада Шардарадан бастап Сырдария арнасын реттеп, бір тамшы артық су болсада, барлық су «Кіші Аралға» жолда қауіпсіз келуін қамтамасыз ету қарастырылған болатын. Амал қанша, осындай аса маңызды, өмірлік мәселе әлі созылып келеді.

Жақында Аралға, Көкарал бөгетіне келген Экология министрі Көкарал бөгетін сақтап қалудың жоба сметалық құжаттарын (ПСД) жасауға 100 млн тг қаржы бөлінді, сол біткесін бөгетті сақтап қалу, Сырдария арнасын жоғары жаққа бұру жұмыстары басталады» деді. Дұрыс шығар… Алайда, осы жұмыстармен қатар, тым соза бермей, шұғыл САРАТС жобасының екінші фазасын бастау керек. Сонда Көкаралға да салмақ түспейді, төмен қарай су да, балық та ақпайды.

САРАТС жобасының екінші фазасы бойынша, Ақлақ су тоспасы алдынан Арал қаласына қарай канал қазылып, Сырдария суы алдымен Сарышығанақ қолтығын оң жағынан Тасбөгет разъезі тұсына дейін, сол жағынан Мергенсай қолтығын Жамбыл колхозына дейін толтырып, «Үш шоқы» тұсынан тағы бір бөгет, шлюз салынып, ол бөгет Балтық теңізі деңгейінің 46-48 метрлік деңгейіне жеткізілсе, бұл Кіші теңіз деңгейі Көкаралдан 4-5 метрге биік болып, екі деңгейлі «Кіші Арал» теңізі болады. Сонда «Кіші Аралдың» көлемі жоғарыда айтқанымыздай, қазіргіден екі есеге ұлғайып, теңіз жағалауы Арал қаласына келеді.

Сырдарияның онсыз да аз суы алдымен жоғарғы кіші теңізді толтырып, артық су Көкаралға тіреліп, таза Сырдария суы «Кіші Арал» теңізі суымен тұрақты араласып тұрады. Көкарал бөгетіне қазіргідей салмақ түспейді. Кейбір сәуегейлердің айтып жүргеніндей, Көкарал бөгетін биіктету, біріншіден, аса қауіпті, екіншіден, биіктеген Көкарал бөгетін суға толтырып, теңіз жиегін Арал қаласына жеткізу күмәнді болады. Ондай су көлемі Сырдария бассейінінде тұрақты болмауы мүмкін. Сондықтан екі деңгейлі теңіз арқылы алдымен кіші теңіздің жоғарғы, тайыз жағын тұрақты аз сумен толтырып, артығын екінші кіші теңіз бөлігіне жіберіп отырамыз. Қайталап айтамын, сонда Көкарал бөгетіне салмақ та түспейді, төмен қарай Ұлы теңізге су да, балық та кетпейді. Сондықтан Көкаралға салынатын балық қорғау нысанына қаржыны босқа жұмсамай, барынша үнемдеп, барлық күшті САРАТС жобасының екінші фазасын бастауға шұғыл жұмылдыру керек.

Қазір ПСД-сы 100 млн теңгеге жасалып жатқан Көкарал бөгетін сақтап қалу үшін бөлуге межеленген 4,7 млрд теңгені жұмсауды мамандардың, бұқараның кең қатысуымен қоғамдық тыңдауда ашық талқылап, артық шығын қаралса, оны үнемдеп, САРАТС-тың екінші фазасын бастауға шұғыл жұмсау керек. Әйтпесе, осы уақытқа дейін 7 жыл бұрын басталайын деп тұрған САРАТС тың екінші фазасын негізсіз тоқтатқандай қате жібермеуіз керек. Бұдан 7 жыл бұрын САРАТС жобасының екінші фазасы басталғанда, бүгінгідей Көкаралға қауіп төнбес еді, оны жөндеуге дәл қәзіргі уақыттағыдай қосымша шығында қаралмас еді.

                                                       

Жоғарыдағы көтерілген мәселелерге байланысты төмендегідей ұсыныстар енгіземін:                                                                                                                                        

  1. САРАТС жобасының екінші фазасын шұғыл бастау және Көкарал бөгетін қалпына келтіру жұмыстары түрлі себептермен тағы да кешікпеуі үшін Өзбекстандағы «Сардоба» апатын негізге алып,Қазақстан Республикасы Президенті шешімімен «Кіші Аралда» қазіргі қалыптасқан мәселеге орай республика бойынша төтенше жағдай деп жарияланып, барлық атқарылатын жұмыстар, тендерсіз бір көзден қаржыландырылуға қол жеткізу керек.
  2. COVID-19 эпидемиясына байланысты республика бойынша экономикалық дағдарыс қалыптасып, қаржыландыру қиындық тудырса, Қызылорда облысы бюджетінде көзделген барлық құрылыс нысандарын қаржыландыруды бір-екі жылға тоқтата тұрып, жалақыға, зейнетақыға, әлеуметтік салаға көзделген барлық қаржылардан басқа қаржыларды САРАТС жобасының екінші фазасын қаржыландыруға бағыттау қажет деп есептеймін. Әйтпесе, уақыттан ұтылып, Көкарал бөгетінен айырылып қалу қауіпі туындауы мүмкін. Бұл халық, тарих алдындағы кешірілмейтін күнә екені айдан анық.
  3. Бұрынғы облыс әкімі 7 жыл бойы халық алдындағы есебінде «САРАТС жобасының екінші кезеңін келесі жылы бастаймыз» деп жыл сайын уәде беріп жүрді. Кейінгі жылдары САРАТС жобасының екінші кезеңін бастауға Өзбекстан Республикасы қарсылық білдіруде деген пікірлер де айтылды. Меніңше, бұл дұрыс пікір емес. Себебі, «Кіші Аралды» қалпына келтіруге Сырдария суын Өзбекстан Республикасы үлесінен сұрап отырғанымыз жоқ. Қызылорда облысының аумағына келген суға өзіміз егеміз. 2005 жылдан бастап, 15 жыл бойы толассыз Көкарал бөгетінен Ұлы теңізге ешбір пайдасыз ағып жатқан сумен бүгінде «Кіші Аралды» бірнеше рет толтырып алуға болатын еді.
  4. Осыдан 25 жылдан астам уақыт бұрын Қызылорда қаласында құрылған халықаралық Аралды құтқару қорының филиалын Алматыдан Қызылордаға көшіру керек. Қордың алғашқы жарғысында солай жазылған. Теңіз Қызылорда облысының аймағында, сондықтан халықаралық қордың да филиалы Қызылорда қаласында болуы керек. Қордың алғашқы атқару комитетін Премьер-министр болған Ұзақбай Қараманов ағамыз басқарды. Содан кейін 25 жылдан астам уақыт қор филиалын Қызылорданың жағдайын білетін, теңіз жағасында өскен бір адам басқарған жоқ. Жоғарыда айтылғандай, САРАТС жобасының екінші, үшінші фазасын шұғыл бастауға осы қор мамандары жергілікті жерден тікелей басшылық жасауы керек.
  5. Су бөлу мәселесі бұрын да маңызды болған. Орта Азия өзендеріндегі су бөлу мәселесімен Мәскеу айналысатын еді, енді Одақ тарағасын бұл мәселе жыл санап күрделенілуде. Сондықтан Өзбекстандағы «Сардоба» бөгетіндегі апатты басшылыққа алып және қазіргі Президентіміздің халықаралық деңгейдегі мол тәжірибесін пайдаланып, транс шекаралық өзендердегі Орта Азия мемлекеттерінің су пайдалану лимиттерін халықаралық тәжірибеге сәйкес нақтылап қайта бекіту керек. Сосын осы лимиттердің мүлтіксіз орындалуын БҰҰ дәрежесінде қадағалануын қамтамасыз етуге қол жеткізу керек. Ондай тәжірибе Еуропада бар. Мысалы, Дунай өзені өтетін мемлекеттер арасында су бөлуді БҰҰ ның әскерлері (жасыл береткалы) әрбір мемлекет шекарасындағы су торабын күзетеді. Судың лимиттен кем немесе артық алуына жол бермейді. Сондықтан бұған ең мүдделі Қызылорда облысы Сырдариядан су алу лимитін он екі ай бойы қадағалауымыз керек. Сонда Сырдария суы күрішке жіберілетін 80-90 күннен басқа кезде көлдерді, Кіші Аралды суға толтырады.

 Құрметпен, Нәжмәдин МҰСАБАЕВ,

 Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Қазақстан Республикасының балық шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткері, республикалық Жалаңтөс Баһадүр қоғамдық қорының президенті

 

 

 

 

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button