Парламент сенатын сайлау 12 тамызда өтетін болды
АСТАНА. 12 маусым. Қазақстан Республикасы Парламенті сенаты депутаттарының сайлауы өтетін күн белгілі болды. Бұл туралы Ақорда сайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті сенаты депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға белгіледі.
Мемлекет басшысы кеше осыған орай «Қазақстан Республикасы Парламенті сенаты депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға тағайындау туралы» қаулыға қол қойды.
Қаулыда «Қазақстан Республикасы Парламенті сенаты депутаттарының сайлауы 2020 жылғы 12 тамызға тағайындалсын», – делінген.
Жарлық ҚР Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 69 бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаттары өкілеттіктерінің конституциялық мерзімінің 2020 жылғы қазан айында аяқталатынына байланысты шықты.
Қазақстан Республикасының Үкіметі, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын», – делінген келесі тармақта.