Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Белгілі айтыскер ақын Замаддин Ибадуллаев өмірден өтті

Бүгін республикаға белгілі айтыскер ақын, Сырдария ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Замаддин Ибадуллаев 82 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Осыған байланысты облыстық ардагерлер кеңесі марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.

Сыр өңірі мәдениеті мен әдебиеті әлемінің толымды тұлғасы болып табылатын ардақты ағамыздың бұл қазасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр.

Айтыс өнерінің өрінде өзіндік із қалдырған Замаддин Ибадуллаев 1939 жылы Сырдария ауданындағы «Ақжарма» ауылында туған. Сыр сүлейлерінің жыр термелерін жастайынан зердесіне жаттап өскен Зәкең шаруашылықта еңбек ете жүріп, өлең өлкесінде өзінің өрнекті ізін қалдырды. Ол 1980 жылдан айтыс сахнасына шықты. Осыдан бастап ақын аты республикаға танылып, бірнеше айтыста жүлдегер атанды. Ал 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысында жеңімпаз болды. Бұдан басқа, 1986 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысында топ жарды.

Ақынның көзі тірісінде «Ақжарма жырлар», «Жылдар мен жырлар», «Бағдары ауған пенделер» деп аталатын кітаптары жарыққа шықты. Облыс, аудан көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.

Ақын ағамыз бір әулеттің үлкені, ортасының ұйытқысы еді. Ол құдай қосқан қосағы Бибіхан апамызбен бірге 10 перзент тәрбиелеп өсіріп, ұрпақ қызығын көрді. Өмірінің кейінгі кезеңінде бірнеше жыл ауылдағы «Басапа ишан» мешітінің имамы қызметін атқарып, елді имандылық пен ізгілікке баулыды.

Заманында қазақтың суырыпсалма жыр өнерінде өтірік өлең айтысының ақтаңгері ретінде айрықша танылған Замаддин аға шынында осы саланың қамшы салдырмас санаулы жүйріктерінің бірі де, бірегейі де еді. Жалпы, Зәкең өмірде осылайша ешкімге етене ұқсай бермейтін алуан түрлі қасиеттерімен жұртының жадында қалды.

Керек десеңіз, Замаддин ағаның өмірге келуінің өзінде осындай ерекше еске аларлық тұстар баршылық екен. Бұл кісінің әкесі Ибадулла ертеректе Ферғана жерінде қырғын ұрысқа қатысып, бір аяғынан айрылып қайтыпты. Содан жарықтық мүгедектік арбасына таңылыпты. Анасы да ұзақ жыл аурудың азабын бір кісідей тартыпты. Ең қиыны, екеуінен өрбіген тоғыз бала шақалақ кездерінен шетінеп кетіпті. Солай олар шерменде болып жүрген сонау 1939 жылдың бір сәтті күнінде өмірге Замаддин ағамыз келіпті. Бұған дейін балалары туған бойда күрек-саймандарын дайындап тұратын бұлар жүректері әбден шайлығып қалғандықтан, оныншы құрсаққа келгенде, сол әрекеттерін тоқтата тұрыпты. Осыдан бастап, кішкентай Замаддин күн сайын әке-шешесінің көз қуанышы болып, емін-еркін өсіп жетіле беріпті. Баланың тілі де ерте шығыпты. Ол жастайынан зеректігімен, алғырлығымен, пайымшылдығымен көзге түсіпті.

Жыл артынан жыл өтіп, соғыс біткеннен кейінгі шамада Замаддин мектеп табалдырығын аттайды. Үркердей ауыл «Шандай» деген көлдің жағасында отырады. ­Балалар мектепке қыстыгүні мұзбен, жаздыгүні қайықпен өтіп барады. Мұздың еріп, сеңнің енді тарқап жатқан көктемгі уақыт екен, бала сабаққа кетеді. Түс әлетінде ­Ибдадулла ақсақалдың үйіне сол ауылдың бір топ қадірлі ақсақалдары кіріп келеді. Жайшылықта бұлай келе қоймайтын үлкендердің суыт жүрісінен кіпі алған Ибекең самсоз болып отырып қалады. Төрге жайғасқан кісілердің бірі: «Әй, Ибадулла! Сен не көрмеген Ибадулласың, соғысқа да қатыстың, аяқтан да айырылдың, перзенттен тартқан күйігің де аз емес, соның бәріне шыдаған Ибадулласың ғой…» деп сөз бастай бергенде, Ибекең жантайып жата кетеді де, әйелі шыдамай: «Енді не айтпақсыңдар? Жалғызымыз аман ба?» деп еңіреп жібереді. Сол кезде істің мәнін бірден түсінген кісілер асып-сасып: «Аман-аман. Тек екі бірдей сиырларың суға кетіпті» деген екен. Сонда іштен тынып отырған Ибадулла: «Құдай-ау, сиыры несі, жалғызым, жалғызым кеткен екен дедім ғой мен, жалғызым» деп, кемсеңдеп қоя берген екен.

Өмірінің жолы осылай бір үйдің, бір әулеттің жанған жалғыз шырағы, үмітінің жалғыз оты болған Замаддин ағамыз мына қым-қуыт тіршілікте өзіне лайықты жақсы өмір сүрді, артында тек жақсы ісі мен атын қалдырды. Ол қазақтың ежелгі өтірік өлең дәстүрін бүгінгі заманға қарай қайта жаңғыртқан айтулы ақын болды. Зәкең өтірік айтысында да нағыз үстінен су төгілмес жорғадай болды. Оның өз замандасы Махамбетқали Тұрсановпен өтірік айтыстары сөз өнерінің осы саладағы хрестоматиялық үлгілерінің біріне айналды.

Замаддин ағамыз адам ретінде өте жақсы азамат еді. Ешкімге қиянаты жоқ, қолынан келсе, тек қамқорлығын жасап жүретін оның маңында сондықтан жұрт та иіріліп, қоғадай иіліп жүретін.

Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын Зәкеңнің бүкіл айтыс жолындағы үзеңгілес досы, екі жас үлкен ағасы Махамбетқали Тұрсанов қайтыс болған кезде, соған арналған қаралы жиында сөйлеген сөзінде ол: «Өнер жолында көп жыл қатар жүрген қадірменді досым Маха, енді екі жылдың шамасында мен де өзіңнің қасыңа барып қалармын, оған дейін жалғызсырама» дегенді айтып қалып еді. Әрине, тіршілігінде қатар шапқан досымен қатты қалжыңдасқан Зәкеңнің бұл сөзінің астарында жеңіл әзіл де бар болатын. Бірақ бір жағы ағамыз көріпкел екен, сол айтылған уақыттың айналасында, міне, өзі де сол түпсіз әлемге кетіп бара жатыр.

Замаддин аға біздің облыстық ардагерлер ұйымымен де етене жұмыс істесті. Ол облыстық ұйымның алқа мүшесі де, пленум мүшесі де болды. Өзіне жүктелген міндеттерді үнемі абыроймен орындап жүрді. Сол арқылы ұйым беделінің көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты.

Біз Замаддин ағаны сондықтан ұжымымыздың бір мүшесі деп санаймыз.

Қош болыңыз, аяулы аға, Сыр бойы өнері мен мәдениетінің майталманы, айтыс ақындарының кемел көшбасшысы!

Алла алдыңыздан жарылқасын. Барар жеріңіз пейіш, артыңыз кеніш болсын.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

Қызылорда облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button