Алматыда әкесі атып өлтірген әйел жүкті болған
АЛМАТЫ. 9 маусым. Оңтүстік мегаполисте әкесі атып өлтірген әйел екіқабат болған екен. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлады.
«Алматыда әкесі атып тастаған әйел жүктіліктің сегізінші айында болған», – делінген хабарламада.
Алматы полициясы кеше Түркісіб ауданында болған қайғылы жағдай бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күйеу баласы мен қызын атып тастаған ер адам ол кезде ішімдік ішпеген.
«Қаза тапқан әйелдің аяғы ауыр болған, құрсағында 8 айлық бала бары анықталды», – деді департаменттің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Еске сала кетейік, кеше Сейфуллин даңғылының бойындағы үйлердің бірінде 1951 жылы туған жергілікті тұрғын отбасылық жанжал кезінде 1987 жылғы күйеу баласы мен 1979 жылғы қызын атып өлтірген. Содан кейін ол өз-өзіне қол жұмсап, мерт болған.
Қазір осы қылмыстық оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр.