Актер Ефремовке тағылатын айып күшейтілді
МӘСКЕУ. 9 маусым. Ресейлік актер Михаил Ефремовке тағылатын айып ол қаққан адам ауруханада қайтыс болғаннан кейін күшейтілді. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.
Жол апаты кеше орын алды. Актер Ефремов Мәскеудің ортасындағы Смоленск алаңында жол-көлік оқиғасын жасады. Ол көшемен жүріп келе жатып, көлігін қарсы бет жаққа шығарып жіберген. Сол бойда қарсы келе жатқан шағын фургонмен бетпе-бет соғысқан. Фургонның жүргізушісі 57 жастағы Рязань тұрғыны Сергей Захаров ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Бірақ көп ұзамай есін жимаған күйі қайтыс болды.
Осыдан кейін актерге белгіленген жаза күшейтілген. Оны енді 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы күтіп тұр.
Ефремовтің өзі болса, пәлендей зардап шеге қоймаған.
Сараптама әртістің қанында алкоголь бар екенін анықтады.
Кейін Ефремов қақтығыстың есінде жоқ екенін, тек алдындағы машинадан озу үшін қарсы бетке шыққанын білетінін айтты.
Михаил Ефремов сол бойда қамауға алынды.