Алматы маңында мас айдаушы екі полицейді қағып өлтірді
ТАЛДЫҚОРҒАН. 25 мамыр. Алматы облысындағы блок-бекетте мас айдаушының бейбастақ әрекетінен екі полиция қызметкері опат болды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бүгін таңертең сағат 05:26-да Алматы облысының Қарасай ауданы «Көксай» ауылындағы №4 блок-бекетте қайғылы оқиға орын алды. Мұнда BMW көлігімен құйғытып келген 1992 жылы туған азамат бекеттің бетон қоршауына қатты соққан. Содан кейін автокөлік кері қарай серпіліп, бір шетте тұрған патруль көлігіне барып ұрған. Сол кезде машина ішінде екі полиция қызметкері отырған.
Нәтижесінде тәртіп сақшыларының бірі – полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев, өкінішке орай, оқиға болған жерде бірден тіл тартпай кетеді. Ол «жедел жәрдем» келгенге дейін-ақ жантәсілім етеді. Ал екінші тәртіп сақшысы – полиция сержанты Дастан Абдықанов өте ауыр хәлде жергілікті ауруханаға жеткізіліп, көп ұзамай тілге келмеген күйі үзіледі.
Кейін анықталғанындай, апат жасап, екі адамның өмірін жұлып кеткен жүргізуші удай мас екен. Ол сол жерде қамауға алынды. Факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиев пен полиция сержаны Дастан Әбдіқановтың отбасыларына көңіл айтты
«Қайғылы жағдайда қаза тапқан полицейлер төтенше жағдайдың ерекше режимінде 2 айдан астам уақыт жұмыс істеді. Олар күнделікті қызметтерінде карантиндік шараларды қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қорғады. Аға лейтенант Жарас Жанғазиев Алматы қаласының патурльдік полиция полкінің инспекторы болып жұмыс істеді. 19 жыл бойы қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, мінсіз қызметі үшін бірнеше мәрте ынталандырылды, оның ішінде ведомстволық наградалар алды. Көптеген жас полицейлер үшін тәлімгер әрі үлгі бола білді. Жарас Жанғазиев өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, сонымен бірге жақсы әке еді. Оның артында екі қызы мен үшінші сәбилерін күткен жары қалды», – деді Ерлан Тұрғымбаев ведомствоның Telegram каналында.
Министрдің атап өтуінше, полиция сержанты Дастан Әбдіқанов 4 жылдық қызмет жолында өзін жауапкершілігі мол, ұстанымы берік әрі тыңғылықты орындаушы қызметкер ретінде көрсете білді. Өткен жылы ғана шаңырақ көтерді және бір ай бұрын ғана қызы дүниеге келген болатын.
«Өкінішке орай, қайғылы оқиға олардың өмірін қип кетті. Екі қызметкер де үздіктердің қатарында еді және Отанымызға әлі де көп еңбек сіңіре алатын. Ішкі істер министрлігінің барлық жеке құрамы олардың туған-туыстарымен бірге аза тұтады. Барлығымыз үшін бұл орны толмас қаза болып отыр», – деді ол.
P.S. Көрер көзге мынадай қылмыс жасаған қаныпезерге ешқандай аяугершілік болмауы керек. Оның үстіне, карантин кезінде араққа тойып алып, көлік айдағаны да ескерілуі тиіс.
Рас айтамыз.