Алишер Усманов Мақтааралға 5 млн доллар берді
ТАШКЕНТ. 7 мамыр. Тегі өзбек белгілі меценат Алишер Усманов бүгін Сардоба су қоймасындағы тоған бұзылып кетуі салдарынан орын алған су тасқынының зардабына ұшыраған қазақстандықтарға 5 млн АҚШ долларынан артық сомада қайырымдылық көмегін жасады. Бұл туралы Өзбекстанның Podrobno.uz порталы хабарлады.
«Алишер Усманов Мақтаарал ауданында орын алған су тасқыны нәтижесінде зардап шегуші 30 420 адамға қолдау көрсету үшін «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративті қорының есепшотына 5 миллион 200 мың доллар ақша аударды. Бұл қаржы зардап шеккен 5 202 отбасылар азаматтарының жеке есепшоттарына аударылатын болады», – деп баяндады Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.
Сонда әрбір зардап шегуші отбасына мың доллар шамасында қаржы тиеді.
Еске сала кетейік, Өзбекстанда 1 мамыр күні таң алдында Сардоба су қоймасының тоғаны бұзылып кетуі салдарынан 90 мың адам көшірілді, 4 адам қаза тапты, 1 адам хабар-ошарсыз кетті. Судың құйылуы нәтижесінде Қазақстанның өзбек жерімен көрші Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының бірқатар елді мекендері судың астында қалды. Жүздеген гектар егістік алқапты су шайып кетті, қаншама мал қарап болды.
Өзбекстан енді халықаралық сарапшыларды шақырып, бүкіл Сардоба су қоймасы бойындағы тоғандардың жай-күйін тексертуді қолға алғалы отыр. Содан кейін ғана болған оқиғаға баға беріледі.
Бұдан бұрын Өзбекстан бас прокуратурасы Сардоба су қоймасы бөгетінің бір бөлігі бұзылып кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғаған болатын. Тергеу ісі мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне тапсырылды.
PS. Біз бұдан бірер күн алдын қазір Ресей азаматы болып табылатын өзбек миллиардері Алишер Усмановтың коронавирус пандемиясымен күрес үшін өзі туып-өскен елге екі мәрте, – бірінші жолы 5 млн, келесі жолы 20 млн АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек бергенін тілге тиек ете отырып, осы Мақтаарал ауданында туып-өскен «Форбс» тізімінде қазақстандық олигархтардың арасында бірінші болып аталатын Владимир Кимнен кіндік қаны тамған ауданға тап солай қашан көмектесетінін сұрап едік, әлі әзірге одан титтей де хабар болмай тұр, тым-тырыс, мұның есесіне, Әлішер Бұрханұлы бұл жолы да шалттық пен жомарттық танытып, біздегі су тасқынынан зардап шеккендер үшін одан бұрын 5 млн доллар мөлшерінде қаржы беріп жатыр.