Руханият

Армениядағы оқшаулану: көңілдесіне күнде барады

Ria.ru порталының қазір жүріп жатқан «Шығармашыл жұрт карантин кезінде» атты жаңа жобасына Ресейдің заманауи авторларымен қатар, коронавируспен күресіп жүрген басқа елдердің өкілдері де қатысып жатыр. Жоба әдебиетші, ақын,жазушы, режиссер секілді шығармашылық адамдарына үйқамақта отырған қауымның көңілдерін көтеріп, езулеріне күлкі үйіретін юморлы мәтіндер жазуды ұсынды. Осы шақыруға үн қосқан Ереванда тұратын армян жазушысы Ованес Азнаурян туындылары өз елінен бөлек, сырт жерлерде де жарық көріп жүрген, бірқатар әдеби сыйлықтардың лауреаты атанған қаламгер. 

Төменде біз оның осы конкурсқа жолдаған мәтінін орыс тілінен аударып, жариялап отырмыз.

 

Ованес Азнаурян (Армения)

Ол плитаның жанында тұрған әйелінің ту сыртынан келіп, нанның қыртысын саусағының ұшымен іліп алды.

Бір сағаттан кейін кешкі асты ішеміз, деді әйелі бұрылмаған күйі, тәбетіңді босқа құртпа!

Бұл наның қыртысын ұстаған бойы қонақ бөлмеге кірді. Шулап жатқан балаларын тәртіпке шақырып:

Сендер не ғой… шуламаңдар. Тыныш… неге тентек боласыңдар! Телекті кезектесіп көруге болады ғой, деді.  

Ол нанды тістелей жүріп, өзінің кабинетіне өтіп кетті. Мүлгіп тұрған ноутбугінің экранына көз салды, бірақ оны «оятқысы» келмеді. Бастығынан хат келіп жатса ғана отырып, жұмыс істеуіне тура келеді. Егер тығыз шаруа болып жатса, оның өзі-ақ қоңырау шалады. Шефінің бір топас мінезі бар: интернетпен хат жібереді де, артынша телефон соғады. Бірақ бұл да ештеңе емес. Қашықтықтан жұмыс істеуге көшпей, әлі кеңсеге барып жүрген бір күнінде шеф хат жібергесін қоңырау шалғанымен шектеле салмай, артынша ине-жіптен жаңа шыққандай су жаңа киім киген, қымбат парфюмінің иісі айналасына еш кедергісіз жайылып, аңқып тұрған тап-таза қалпында тағы бөлімге келіп кіргені бар еді.

Келе сала:

Сергей, сіз менің хатымды қараған жоқсыз ба? Мен сізге хат жібергем. Тезірек назарыңызды салыңызшы, Құдай үшін. Тығыз іс…, деді.

Ол сондай еді.

Ойланып кетіпті. Тез бойын жинап алды.

…Кенет соңынан балаларының:

– Мама! Папа тағы кетіп бара жатыр! – деген дауыстары естіліп, мұның бойы дір ете қалды.

Ал әйелі асүй жақтан:

– Қайда жиналдың? Кешкі астың уақыты жақындап қалды ғой, – деп айғайлап жатты.

– Көңілдесіме! – деп жауап берді бұл түнеріңкі реңкте. Іле әйелі биязы үні мен сылқылдаған күлкісін қосып, жауап қайтарды:

– Көңілдесіне барады ол! Барғышын! Тек кешкі асқа кешігіп қалма, көңілдесшіл! Шығарыңда қоқыс шелегін де ала кетші, мархабат!

Бұл шығып кетті.

Резіңке қолғап, тұмылдырық, қалтада антисептик, кенет лифтіде көршілердің бірімен соқтығысып қалды… Қол беруге тура келеді, сосын «дистанция сақтау үшін» қабырғаға жабысып тұра қалуың керек. Ал сақтамасаң… Кеңес кезіндегі көне лифтіде…

Далаға шыққанында көктемнің иісі аңқып тұр екен. Бірақ әлі көктем жоқ еді. Адамдар болмаған кезде көктемнің өзінің көктем сияғы болмайтынын түйсінудің өзі біртүрлі көрінді. Оның ешқандай мәні жоқ сияқты. Бұларға тәуелсіз табиғат болса, өзінің ағымымен циклын жалғастырып әкетіпті.

Сергей үйден осылай сағат-жарым уақытқа, кейде тіпті отыз-қырық минутқа шығып тұратын. ТЕК СОҒАН БАРУ ҮШІН. Бұл оның жанын жеңілдетіп сала беретін. Қазір ол жалғыз кілтімен есікті ашты, запастарын жоғалтып алған, сол сәтте бүгін шыға алмаса, жарылып кетуі мүмкін екенін де ойлап қойды…

Ол шынында әдемі еді, биік, көркем. Онда әлдеқандай бір бекзадалық, әлденедей бір ішкі сәуле, кескіннің үйлесімі бар-тын.

Ол мұны өзіне еліктірді, тұтқындап қойды, мазасын алды, ал кейде өзі туралы, тек өзі жайлы ойлануға мәжбүр етіп, есінен тандырып жіберетін. Бірақ бұл өзінде осының болғаны үшін ғана керемет бақытты еді, сол себепті оған көзі талғанша тапжылмай қарай беруден жалықпайтын.

Өйткені, ол жаңа еді. Мүлде! Мұның өзі ақырына дейін, тұтасымен әлі түгел сырын ашып көрмеген жұмбақ әлем-тін, кейде онымен сөйлесе алмайтынына да өкініп қоятын… Бұл тіпті онымен жалпы сөйлесудің өзінің керегі бар ма, жоқ па, оны да білмейтін, тек елжіреген көзімен үздігіп қарап тұратын, сондықтан бұл жолы да есімін жартылай сыбырлаған өте-мөте нәзік үнмен атады:

– КИА…

Машина болса, сонау наурыздың басынан бері гаражда тұр еді. Жап-жаңа, қолдан емес, тура салонның өзінен, кредитке сатып алынған…

Сергей онымен жұмысы мен «Ашанға» шамалы ғана барып қайтты. Бар болғаны сол. Сосын да оны сұмдық сағынды, тіпті онымен әлі бара қоймаған сапарларын да сағынып кетті. Мұның бар қиялы онымен қайда баратыны, мына пәлекеттің қашан бітетіні жайында ғана шарықтап ұшты. Бара ала ма өзі?

Сергей мұны білген жоқ.

Ешкім де білген жоқ.

Ешкім ештеңе білген жоқ.

Ешкім!

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button