Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Бақы Астанаға наразылық нотасын жолдады

БАҚЫ. 2 мамыр. Әзербайжан сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Сержан Әбдікәрімовті шақырып алып, Бақының наразылық нотасын тапсырды. Бұл туралы Oxy.az хабарлады.

Кездесу барысында министрдің орынбасары Әзербайжан тарапының 2020 жылғы 30 сәуір күні Каспий теңізінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара әскерлері жағалау күзеті қызметкерлерінің Әзербайжан азаматтары Г.Ибрагимовті, Э.Нуриевті, Э.Ахмедовті және Ш.Новрузовты ұстау кезінде қару қолданғандарына, нәтижесінде олардың бірі қаза тауып, екеуі жараланғанына қатты алаңдаушылығын білдірді. Елшіге Әзербайжан Республикасы сыртқы істер министрлігінің нотасы тапсырылды.

Х. Халафов атыс қаруын қолдану салдарынан адам өлімінің орын алуы екі елдің шекара қызметтері арасындағы ынтымақтастық тетігіне, екі мемлекет арасындағы достық пен бауырластық рухына сәйкес келмейтінін атап өтті.

Сонымен қатар, министрдің орынбасары екі мемлекет арасындағы одақтастық және стратегиялық қатынастарға сәйкес осы факті бойынша жан-жақты және объективті тексеру жүргізуді және Әзербайжан тарапын оның нәтижесімен хабардар етуді сұрады.

Елші С. Әбдікәрімов, өз кезегінде оқиға кезінде адамның қаза болуына өкініш білдіріп, қаза тапқан адамның жақындарына көңіл айтты және жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тіледі. Ол өз еліне нотаны жеткізетінін айтты.

Бұдан әрі елші елшіліктің қайтыс болған Әзербайжан азаматының мәйітін өз еліне жеткізу үшін қажетті көмек көрсететінін атап өтті.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button