АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Мақтааралдағы «Фердоуси» ауылын да су ала бастады

ТҮРКІСТАН. 2 мамыр. Бүгін таңертең Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы «Фердоуси» ауылын да су ала бастады. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.

Кілең тәжік ұлтының өкілдері тұратын ауылдың бір топ тұрғыны «Азаттыққа» хабарласып, өздері тұратын елді мекеннің шетінен су кіре бастағанын жеткізген. Өзін Нуриддин деп таныстырған бір кісі тұрғындардың түнде басқа жаққа қаша бастағанын да айтқан.

Тұрғындардың «Азаттыққа» жіберген видеосында жол жағасында әртүрлі көліктер тұрғаны, әйелдер мен балалардың трактор тіркемесінде отырғаны көрінеді. Тағы бір видеода ауыл маңын су басып жатқаны аңғарылады.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 2 мамыр күні таңертең Мақтаарал ауданындағы «Жаңа тұрмыс», «Нұрлы жол», «Жеңіс» ауылдарынан 5500 адам эвакуацияланды, қазір басқа елді мекендерді көшіру жағын қарастырып жатырмыз» деп мәлімдеген.

Мақтаарал ауданындағы су тасқынына бұдан бір күн бұрын, 1 мамыр күні таңертең ертемен Өзбекстанның Сырдария ауданындағы Сардоба су қоймасының тоғанды жырып кеткені себеп болған. Топан су алдымен Сардоба ауданындағы Кургантепе кенті мен егістік алқапты басып қалған.

Осыдан кейін Сырдария ауданының басшылығы судың бір бөлігін «Арнасайға», тағы бір бөлігін Орталық тармақ каналына қарай айдаған. Осының соңғысының нәтижесінде Мақтаарал ауданындағы шекаралас коллекторлар суға толып кеткен. Мұның соңы Мақтаарал ауданының «Жеңіс» және «Жаңа тұрмыс» ауылдарын су басып қалуына апарып соқтырған. Бұдан кейін аудандағы облыстық маңызы бар «Мырзакент – Жеңіс – Жаңа тұрмыс» тасжолын да су басқан.

Енді су алған ауылдар қатарында «Фердоуси» елді мекені бар екені де белгілі болып отыр.

Кейін облыс өңірлік коммуналдық қызметі хабарлағандай, «сондай-ақ «Мырзакент», «Фердоуси», Атакент кентіндегі «Жантақсай» елді мекендерінің тұрғындары көшіріле бастаған».

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button