Мақтаарал ауданында 5400-ден астам адам көшірілді
ТҮРКІСТАН. 3 мамыр. Кеше Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 5400-ден астам адам су тасқынынан қауіпсіз жерлерге көшірілді. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.
Өзбекстандағы іргелес Сардоба су қоймасының жарылуына байланысты Мақтаарал ауданына келетін су көлемі артып, бірнеше ауылды су басып қалған.
Осыған байланысты 1 мамыр түнгі сағат 3:00 шамасында тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Ертесіне сәскеге қарай судың беті қайтты деп ойлаған жергілікті халық су басқан ауылдарды бетке алды.
Малдарын аман алып, қауіпсіз жерге шығармақ болған тұрғындар ауылдық округке кіре берісте қойылған блок бекетке тап болды. Құзырлылар тұрғындардың ауылға кіруіне жол бермеді.
Кеше қалыптасып отырған төтенше жағдайға байланысты шұғыл баспасөз мәслихаты өтті. Онда «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары және арнайы облыстық штаб басшысының орынбасарлары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Абдуллаев мәлімдеме жасады.
«Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасының жарылуына байланысты Мақтаарал ауданына келетін су көлемі едәуір артты. Ресми мәліметтер бойынша, 300 млн текше метр су құйылған. Нәтижесінде бірнеше ауылды су басты. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев су алған елді мекендерді аралап, жағдаймен танысты. Өңірде төтенше жағдай жарияланып, облыс басшысының тапсырмасымен арнайы штаб құрылды. Облыс әкімі штаб отырысын өткізіп, барлық жауапты сала мамандарына тапсырма берді. Соған сәйкес, ұйымдастыру жұмыстары жүруде. Бүгінгі таңда төрт елді мекеннен 5400-ден астам адам эвакуацияланды. Ол тұрғындар Атакент кенті мен «Есентаев», «Игілік», «Береке», ҚазКСР-ның 40 жылдығы атындағы ауылдардағы мектептерге орналастырылуда. Оларға қажетті тағамдармен жеткізіліп, медициналық көмектер көрсетілуде. Бұл жұмыстар іргелес жатқан Сарыағаш, Келес, Жетісай, Шардара аудандарына тапсырылды. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер де үлестерін қосуда. Мырзакент кенті көшірілмейді. Онда су басу қаупі жоқ. Мақтаарал ауданындағы жағдай толық бақылауда», – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Ал Арман Айдарұлы брифингте зардап шеккен тұрғындар орналасып жатқан мектептерде барлық қауіпсіздік, сақтық шаралары сақталып жатқандағын жеткізді.
«Жеңіс» және «Нұрлы жол» елді мекенінің тұрғындары Атакент кентіндегі №5, №6 мектептерге орналастырылуда. Т.Жайлыбаев елді мекенінің азаматтары Атакенттегі №7, №8, №9 мектептерге орналасса, «Фирдоуси», «Жантақсай» елді мекендерінің тұрғындары Н.Есентаев ауылындағы № 42, Игілік ауылындағы №47, ҚазКСР-ның 40 жылдығы атындағы ауылдағы №44 мектепке жайғасуда. Мектептерде арнайы медицина қызметкерлері мен аудандардан 12 маман қызмет көрсетуде», – деді басқарма басшысы.
Ол сондай-ақ су басқан ауылдағы мал және егістік,тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың нақты шығынын анықтау мақсатында барлық тиісті басқарма басшылары да ауданға арнайы шақыртылғанын ескертті.
Мақтааралдықтарға осы қиын кезде Арыс ауданының белсенділері бірінші болып қол ұшын созды. Блок бекет аумағына жайғасқан тұрғындар ас-сусыз еді. Сондықтан арыстық азаматтар оларға нан, су, балаларға арналған жөргектер таратты.
Былтыр жарылыстан зардап шеккен жанашырлар «Мұндай қиын-қыстау жағдайды біз де бастан өткергенбіз, сондықтан жайсыз оқиғаны ести салысымен осы тұрғындарға бірінші кезекте қажеттіліктерді алып, жолға шықтық» дейді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апаттан зардап шеккен аймаққа арнайы келіп, Арыстың тәжірибесіне сәйкес, Мақтаарал ауданында да тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Ол Мақтаарал ауданындағы су басқан «Жаңатұрмыс» пен «Жеңіс» ауылдарына барып, апаттан зардап шеккен үй іргелерін қарап шықты.