Түрікменстан елде дауыл болғанын жасырып бақты
АШХАБАД. 1 мамыр. Сәуірдің 27-сі күні Түрікменстанның Лебап велаятында сұрапыл дауыл тұрып, көптеген үйлерді қиратып кеткенімен, билік оның жайында әлі бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бұл туралы turkmen.news хабарлады.
«Түрікменнің «Ватан» телеарнасы хақында 29 сәуір күнгі хабарында Лебап велаятында 27 сәуірде болған сұрапыл желдің салдарынан орын алған ауыр ахуал жайында ләм-мим демеді», – атап көрсетті өзбектің CentralAsia сайты.
Стихия нәтижесінде облыстың бірқатар елді мекендері зардап шегіп, жүздеген мың адам баспанасыз қалған. Түрікменабад қаласының бір бөлігі, Керки мен Фараб толығымен екі тәулік бойы электр жарығынсыз, газсыз және ауыз сусыз отырған.
Облыс тұрғындарының дауылдан тартқан азаптары жайында түсірілген видеокадрлар түрікмен әлеуметтік желісі топтарына тарап кеткен.
Басылым атап көрсеткендей, мемлекеттік дүкендердегі азық-түлік лимитпен беріледі. Айталық, әр адам екі тауықтан, 1 кг қанттан, 1 бөтелке өсімдік майынан, 10 кг ұннан ғана сатып ала алады.