Ресми Ашхабадтың адам айтса нанғысыз мәлімдемелерді көп жасағаны сондай, қазір түрікмен үкіметінің сөздеріне әлемде ешкім дерлік сенбейді.
Бірақ Еуропа одағы Түрікменстанның өзіне берген мәліметтерін имандай сеніп қабылдады, соның салдарынан құм арасындағы бұл ел коронавируспен күресте жұрттың бәрі алып жатқан сырттан келетін тегін ақшадан қарадай қағылды.
Түрікменстан – территориясының көп бөлігін шөлді аймақ алып жатқан дәулет. Ал шөл даланың бойын сағым кезіп жүретіні белгілі. Адамдар шын мәнінде жоқ алыстан айдын шалқар болып жатқан су мен тіпті көкорай шалғын белдің келбетін сол сағымдардың арасынан көргендей болып жүреді.
Түрікмен үкіметі сырттағы жұрттың өз елдерін осындай сағымдар арасынан көріп тұрғанын ұнатады. Президент Гурбангулы Бердымухамедовтен басталатын ресми тұлғалар «Түрікменстан – әлденеден тарығушылық көруді білмейтін қиял-ғажайып жер» дегенді жиі айтады. Олар түрікмен елін сырттағы жұрттың ақ мәрмардан қашалып салынған үйлер, бақыттан бал-бұл жанған алты миллион халық, жарқын да кемел болашақтың отаны образында көргендерін қалайды.
Бірақ онда тұрып жатқан халық шын ахуалдың тіпті де бұлай емес екенін жақсы біледі.
Сол «бақытты халықтың» көпшілігі таңертең ертемен дүкендер мен банктердің ашылуынан көп бұрын солардың жандарына келіп кезекке тұрады, егер жолдары болып жатса, соңғы жылдары жиі кездесетіндей, бұл барғанша таусылып қалмаса, ұн, қант немесе қолма-қол ақша алып қайтады.
Соңғы уақыттары кейбіреулер қатып қалған нан тілімін немесе басқа да қалдықтарды табу үшін күл-қоқыс контейнерлерін ақтаратын болып жүр.
Шын мәнінде Түрікменстаннан сыртта тұратын жұрттың көбі бұл елдің ішінде не болып жатқанын біледі, сондықтан түрікмен үкіметінің ұлы жетістіктерінің жылнамасына сене қоймайды.
Бірақ жүдә жақында біреулер түрікмен билігі талаптарының біріне сеніп қалған екен, сол бұл елге сырттан берілетін аса қажетті көмектің жолын бірден кесіп кетті.
Атап айтқанда, 15 сәуірде биліктің orient.tm веб-сайтында Еуропа одағының жағдайы осал қалыпта қалып қойған елдерге экономика мен денсаулық сақтау жүйесіне соққы болып тиіп жатқан коронавирустың зардаптарын жеңу үшін 20 миллиардқа жуық еуро (22 миллиардқа жуық доллар) қаржы бөлуді қарастыратын Team Europe жоспарын дайындап жатқаны жайлы жарияланым пайда болды.
ЕО жоспары Орталық Азия елдерін де қамтиды, бірақ олардың қатарында тек Қырғызстан (36 миллион еуро), Тәжікстан (48 миллион еуро) және Өзбекстан (36 мллион еуро) ғана бар екен. Бұл тізімде неге Түрікменстан немесе Қазақстан жоқ? Себебі, бұл екі елдің үкіметтері ұсынған экономикалық мәліметтер бойынша олар ЕО-ның критериіне сәйкес келмейтін көрінеді.
Еуроодақ іс жүзінде Дүниежүзілік банктың принциптерін негізге алады. Дүниежүзілік банктың «жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыстың бағаларына негізделген» рейтингісіне сай, Қазақстан мен Түрікменстан табыстары ортадан жоғары, жылдық орта жалақысы 4 086 дан 12 615 долларға дейінгі аралықты құрайтын елдер санатына жататын болып шықты.
«Хроника Туркменистана» сайтында 16 сәуір күні жарық көрген хабарламада елден Еуропаға мұғаджырлыққа кеткен белсенділер түрікмен үкіметінің мемлекеттегі жылдық орташа жалақының көлемі 7 065 доллар деп көрсеткенін атап өтеді.
Бірақ хабарламада сондай-ақ бұл көрсеткіштің 3,5 манатқа 1 долларды құрайтын ресми айырбас бағамына негізделіп берілгені де атап өтіледі. Ал ұлттық валютаның нақты құнына жақын келетін «қара базардағы» бағамға сүйенсек, елдегі орташа жылдық жалақы мөлшері 1 200 долларға жетер-жетпес деңгейден табылады. Бұл жағдайды күрт өзгертіп жібереді: Түрікменстан мұндай есеп-қисап жағдайында табысы орта деңгейден төмен елдердің тобына кіреді де, ЕО-ның беретін көмегін алу мүмкіндігіне ие болады. Қазір ақша қаражатының жетімсіздігінен қатты зардап шегіп отырған Түрікменстан бұл қаржылай қолдауды көп жылдардан бері орын алып келе жатқан экономикалық дағдарыспен күреске пайдаланған болар еді. Алайда, «Бөрі арықтығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтардың» күйін кешіп отырған түрікмен билігі үшін бұдан гөрі өздерінің жалған образдарын жасап алу әлдеқайда қолайлы саналуда.
Елде 2016 жылдан бері тауарлар жетімсіздігі байқалып келеді. Коронавирус індеті салдарынан көрші мемлекеттердің бәрімен арадағы шекараны тарс жауып тастаған Түрікменстан үшін бұл жағдай бұрынғыдан бетер ауыр соққы болып тиіп жатыр. Жүк тиелген фуралар түрікмен шекарасының Иран мен Қазақстан жақ беттерінде кезегін күтіп, күні бойы қаңтарылып тұрады.
Елде азық-түлік өнімдері мен негізгі тауарлардың бағасы ұдайы өсіп келеді.
«Азаттық» радиосының «Азатлык» ретінде белгілі түрікмен қызметі биліктің Ашхабадтағы полицейлерге қалаға кіріп келе жатқан жолаушылардың, автостанциялардағы, мектептер мен қоғамдық мекемелердегі адамдардың температураларын өлшеп тұруды тапсырды.
Бірақ проблема мынада, мемлекет полицияға бұл үшін өлшеуіш құралдарын сатып әпермеген, полицейлер оны өздерінің ақшаларына сатып алуға тиіс екен.
Егер түрікмен билігі елдегі ахуал туралы шындықты, әсіресе, жұрттың кедейленіп біткенін айтатын болса, Еуропа одағы, сірә, Түрікменстанға ондаған миллион еуро берген болар ма еді, ал бұл қаржы полицияларға термометр ғана емес, басқа да нәрселер алып беруге молынан жетеді.
Бірақ ЕО-ның лауазымды тұлғаларында неміс банктерінде жасырынып жатқан, Түрікменстандағы белгісіз бір кісілерге тиесілі екені айтылып жүрген 24-25 миллиард долларға қатысты сұрақтар туып қалуы мүмкін.
Алайда, түрікмен үкіметі жасап алған сағымның бір бөлігі энергиялық ресурстарға бай елдің мұндай «қайырымдылыққа» зәру емес екенін де білдіріп қояды.
Мұны жақында болған мына оқиға да айғақтайды. АҚШ елшілігі 6 сәуір күні Түрікменстан билігіне «АҚШ-тың ондаған азаматының Түрікменстаннан Құрама Штаттарға оралуына» көмектескені үшін алғыс айтты.
Мәлімдемеде Құрама Штаттардың Түрікменстанға COVID-19 пандемиясынан қорғану, инфекцияны анықтауды жандандыру, тәуекелділіктің ақпараттандырылуын күшейту үшін зертхана дайындауға медициналық көмек түрінде 920 мың доллардан астам қаржы бергені атап көрсетіледі. Мәтінде сондай-ақ Вашингтонның «Түрікменстанға денсаулық сақтау инвестициясына 21 миллион долларға жуық және жалпы көмек үшін соңғы 20 жылда 201 миллионнан астам доллар қаржы бергені» айтылады
Түрікменстан сыртқы істер министрлігі сол бойда бұл ақпараттың «шынайы емес» екенін мәлімдеді, бірақ бұдан бөлек, елде АҚШ компанияларымен бірге 3,5 миллиардқа жуық АҚШ долларына 167 жобаның жүзеге асырылғанын айтуды ұмытпады.
Брюс Паннье
25 сәуір, 2020 жыл
«Азаттық» радиосы
(Қазақшаға аударылды)
Біздің де түрікменнен айырмамыз шамалы болып тұр ғой. Бізде де сондай өтірік.