АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Теміржолшы жастар қайырымдылық жасады

Арал ауданы, Сексеуіл кентінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры компаниялар тобының Ұлы Отан соғысы ардагерлері және Ұлы Отан соғысы кезінде тыл жұмыстарын жасаған ардагерлерге көмек көрсету мақсатында жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасы болып өтті.

Арал ауданы бойынша Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған жобаны жүзеге асыру Сексеуіл локомотив пайдалану депосына міндеттелді. Атаулы орын аудандық ардагерлер ұйымы мен ішкі саясат бөлімінің қолдауында шараны өз деңгейінде жүзеге асырды.

Оқиға барысын тарқатып айтатын болсақ, теміржолшы жастар дайындаған азық-түліктерді алып, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тылдағы еңбеккерлердің үйлеріне барды.

Басты мақсат – қазіргі таңдағы әлем мен елімізде болып жатқан короновирус індетінің алдын алып, төтенше жағдай талаптарын сақтау. Ең әуелі Сексеуіл кентінің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Жанасов Талжан ақсақалға барып, жағдайын біліп ақ батасын алды.

Одан кейінгі кезекте тағдыр жолдары тым ауыр болған, Ұлы Отан соғысы кезінде тыл жұмыстарын жүргізген Сексеуіл кентінің тұрғындары Қабылқожа Сарманов, Үржан Наурызбаева, Тазагүл Бармақбаева, Молдабай Ахметов, Еңсепбай Боранбаев, Балжан Дүсбаева ардагерлеріміздің шаңырағына бару бақыты бұйырды.

Осылайша кеудесін Отан үшін оққа тосқан, маңдай терін ел үшін төккен 1 соғыс, 6 тыл ардагерінің үйлеріне көмек жеткізілді. Атаулы көмек жылына 4 рет жүргізілетін болады.

Мұндай шараның болуы бүгінгі қоғамды отаншылдық рухына тәрбиелеуге, рухани құндылықтарды насихаттауға, тарихқа және ардагерлердің ерліктеріне сыйластық көзқарасты қалыптастыруға бағытталған тамаша бастама екенін, бұл жастар үшін ауадай қажет екенін Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов ерекше тебіреніспен ортаға салды.

Биылғы жылы шаһар аумағындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан және тылда еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсету теміржолшы жастардың мойынында екенін, оны соңына дейін жүйелі жеткізіп, ойдағыдай жүзеге асыратындарын жауапты маман Еркебұлан Аяғанов жеткізді. Сөз соңында қарияларымызға қажымас қайрат, мықты денсаулық, ұзақ өмір тілей отырып, осы ғасырдағы жастар атынан рахметін жеткізді.

Жансая НҰРҚОЖА,

Қызылорда облысы,

Арал қаласы

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button