Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Әр күні ізденіспен өтіп жатыр

Таң  атқаннан күн батқанға дейін білімнің киелі босағасында жүретін, жаны таза, жүрегі жалынды жанның бірі – Дина Имлядинова. Оның өмір дариясы Сексеуіл кентінің құмды шағылдары мен Аралдың жусан иісті даласында бастау алған. Бүгінде ол «№ 294 «Келешек мектебі» атты үлкен ұжымның мақтанышына, биология ғылымының жас сардарына айналды. Динаның бойындағы байсалдылық пен биязылық оның тектілігін көрсетсе, көздеріндегі ұшқын мамандығына деген шексіз адалдығын паш етіп тұрғандай. Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің қабырғасында алған білімі оның танымын кеңейтіп, табиғаттың тылсым сырларын оқушы жүрегіне жеткізуге деген құштарлығын оятты. Ол мектеп табалдырығын аттаған бес жыл ішінде жай ғана мұғалім емес, бала жанының бағбаны бола білді.

Биология – Дина үшін жай ғана пән емес, ол – тіршіліктің әрбір сәтін, жасушаның тынысын, табиғаттың үндестігін сезіну өнері. Ол сабақ бергенде сынып іші кәдімгі тірі ағза секілді тыныстап сала береді. Оның әрбір сөзі салмақты, әрбір ісі шынайы. Жас педагог болса да, оның педагогикалық шеберлігі тәжірибелі ұстаздарды тәнті етеді. Ол – ізденістен жалықпайтын, заманауи білім берудің жаңашыл соқпақтарын еркін иегерген тұлға. Оның осы еңбекқорлығы «Педагогикалық идеялар фестивалі» сынды аудандық додаларда көрініс тауып, «Шеберлік палитрасы» номинациясы бойынша жүлделі үшінші орынды иеленуіне сеп болды. Динаның бойындағы жалындаған жігер шәкірттерін де биік белестерге жетелеп келеді. Зере Оразбай есімді шәкіртінің «Жақсылыққа жаралған жүрек» жобасында «Ұлт денсаулығына қамқорлық» номинациясымен екінші орын алуы, Ақпейіл Жақсаттың шығармашылық байқауда топ жарып бірінші орын иеленуі – ұстаз еңбегінің айқын жемісі.

Дина тек теорияны үйретіп қана қоймайды, ол балаларды ғылымға, зерттеуге баулиды. Алтынарай Атымтайқызы есімді оқушысымен бірге «Экологиялық факторлар мен аллергиялық аурулардың байланысы» атты күрделі тақырыпты зерттеп, аудандық ғылыми жобалар байқауында Алғыс хатқа ие болуы – жас маманның терең ізденісінің айғағы.

Мұғалімнің әр күні ізденіспен өтеді. Ол мектепке қарай асығады, себебі өзімен бірге үлкен жауапкершілік пен мейірімді алып шығады. Бес жылдық жұмыс өтілі аз көрінгенімен, осы уақыт ішінде ол қазақ білімінің сапасын арттыруға, жас ұрпақтың санасына экологиялық мәдениетті сіңіруге өлшеусіз үлес қосты.

Динаның тұлғалық қасиеті – қарапайымдылық пен кәсібиліктің үйлесімінде. Ол үшін әрбір оқушы – жеке әлем. Ол сол әлемнің шырағын жағып, жол сілтеуді өзінің өмірлік мұраты санайды. Оның бойындағы жас педагогқа тән отты сезім мен парасатты ой бізді болашаққа сеніммен қарауға итермелейді. Осындай өз ісіне ғашық, білімнің биік шыңын бағындыруға ұмтылған, жаны жомарт жандар барда қазақ мектебінің абыройы асқақтай бермек.

Дина – бүгінгі күннің кейіпкері, ертеңгі күннің мақтанышы. Оның ұстаздық жолы – жас буынға үлгі, ал мамандығына деген адалдығы – нағыз ерлікпен тең.

Жансая НҰРҚОЖА

Қызылорда облысы,

Арал ауданы

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button