Смартфон – коронавирусты таратудың бір көзі
МӘСКЕУ. 28 сәуір. Мәскеудегі Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің (РЭУ) ғалымдары смартфон ұялы телефонының коронавирусты жұқтыруға бір себеп бола алатынын баяндады. Бұл туралы «Прайм» агенттігі хабарлады.
РЭУ-дің жасанды интеллект, нейротехнология және бизнес-талдау зертханасының меңгерушісі Тимур Садықов коронавирус пандемиясы кезінде смартфон пайдаланудың қандай зиян әкелетінін айтты.
«Адамның қолында ұдайы болатын телефон өзіне бактерологиялық және ықтимал инфекциялық орта жинап алады. Бұған қоса, қолданушылар оны ылғи құлағына төсеп тұрады. Сондықтан гаджетті әлсін-әлсін дезифекциялап алып тұрған жөн», – деп ескертті сарапшы.
Бұдан бөлек, техниканы бақылаусыз, бей-берекет пайдалана беру көз бен мойынға өзінің залалын тигізеді. Мұнымен бірге, оқшаулану жағдайында адамның гаджетке психологиялық тәуелді болып қалу қаупі де бар. «Адам өзін қоршаған электрониканың құлына айналып кетпеуге тиіс», – деп сөзін қорытты Садықов.