Өзбекстанда тілшіге доқ көрсеткен хатшы қызметтен кетті
ТАШКЕНТ. 24 сәуір. Өзбекстанда журналистің жәрмеңкеде азық-түлік өнімдері бағаларын түсіріп алуына жол бермеген аудан басшысының хатшысы қызметінен қуылды. Бұл туралы Daryo басылымы хабарлады.
Оқиға Ферғана облысының Учкуприк ауданында орын алған. Жергілікті хокимнің хатшысы Шохджахон Муйдиев «Марифат» газетінің тілшісі Шарифа Мадрахимованың азық-түлік жәрмеңкесіндегі бағаларды видеоға жазып алуына кедергі келтіріп баққан. Ол осы текетірестің барысында журналистің ұялы телефонын тартып алмақшы да болған. Бірақ ала алмаған.
Хатшы тілшіден жәрмеңкені неге түсіріп жүргенін сұраған. Содан кейін ішкі істер органының қызметкерін шақырып алып, журналистің жеке тұлғасын анықтау үшін оны екеулеп аудандық бөлімшеге ертіп апарған. Сол жерде Мадрахимова себепсізден-себепсіз екі сағаттан астам уақыт ұсталған. Олар тілшіні тек жәрмеңке тарап кеткеннен кейін ғана босатқан.
Хабарланғанындай, осы оқиғадан кейін туманлиқ хокимият журналист Шарифа Мадрахимова мен хоким хатшысы Шохджахон Муйдиевтың ісін мұқият тексерген. Қорытындыда хатшыға мемлекеттік орган қызметкерінің кәсіби этикасы ережелерін бұзды деген айып тағылып, онымен еңбек келісімі бірден бұздырылған.
«Журналист пен шенеунік арасындағы инцидентті енді ауданның құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Оның нәтижесі бойынша заңды шешім шығарылып, қосымша ақпар беріледі», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, мұның алдында Өзбекстан президенті жанындағы ақпарат және көпшілік коммуникация агенттігінің аталмыш инцидентті қарап шығып, оның қорытындысы бойынша бұл жағдайды тексеруді Бас прокуратурадан сұрағаны баяндалған болатын