Белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген кенеттен қайтыс болды
АЛМАТЫ. 31 желтоқсан. Бүгін таң азаннан осындай суық хабар жетті: мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген жүрек талмасынан кенеттен қайтыс болды. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мейрамбек Төлепберген С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетін бітірген (1981).
Парламент Мәжілісі VII шақырылымының депутаты (2021-2023), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының (1998), Президент грантының (2005), ҚР Журналистика академиясы «Алтын жұлдыз» жалпы ұлттық жүлдесінің (2007) лауреаты. Мәдениет қайраткері (2000), Алматы облысы, Балқаш ауданының құрметті азаматы (1997).
Мейрамбек Мылтықбайұлы Төлепберген 1957 жылы 13 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, «Тоғызкент» ауылында туған. Еңбек жолын 1974 жылы «Тоғызкент» кеңшарында құрылысшы болып бастады. 1980-1991 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысының орынбасары, 1991-1996 жылдары республикалық «Халық кеңесі» газетінің сектор меңгерушісі, бөлім редакторы, 1996-2007 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, саяси шолушысы, Алматы бөлімшесінің жетекшісі, 2007-2008 жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ бұқарамен байланыс басқармасының бастығы, бұқарамен байланыс департаментінің директоры, 2009-2010 жылдары Жамбыл және Алматы облыстары бойынша «Қазақ газеттері» ЖШС өкілі болды. Ал 2010-2012 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, 2012-2016- жылдары «Қазақстан-Тараз» телекомпаниясының президенті, 2017-2021 жылдары Жамбыл облысы кәсіподақтар аумақтық бірлестігінің төрағасы болып қызмет атқарды.
Мейрамбек Төлепберген журналистика саласында өзінің өшпес өнегесін қалдырған қабілетті қаламгерлерлердің алдыңғы қатарынан орын алды. Ол өзінің бұл саладағы алғашқы жетістігіне 1989 жылы Орта Азия және Қазақстан спорт журналистерінің халықаралық байқауында бас жүлдеге ие болуымен қол жеткізді. Тақырыбын тапқан талантты журналист қашанда оқырманын елең еткізетін мәселелерді көтеруімен көзге түсті. Ол өзіне ата-анасы, жақын-жуықтары лақап есім ретінде қойған «Сақа» атына лайықты бола білді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін қаламгер 1997 жылға дейін белгісіз болып келген Ұлы Отан соғысының ержүрек жауынгері, Балқаш өңірінің тумасы Бақтыораз Бейсекбаевтың ерлік істерін жарияға жеткізіп, оның Ресей батыры және Қазақстанның Халық қаһарманы атануына үлкен үлес қосты. Сол сияқты XIX ғасырдағы қазақ айтыс өнерінің дүлдүлі Ұлбике Жанкелдіқызының әдеби мұрасын зерттеп жинақтауға елеулі еңбек сіңірді. Журналистік ресми сапармен оннан астам шет елде болып, арнайы репортаждар мен жолжазбалар жазды.
Мейрамбек Төлепберген баспа жүзінен «Сағасында Таластың бір ауыл бар» (1995), «Қаһарман Бақтыораз» (2000), «Ақиқат алдында» (2002), «Ұлбике» (2002), «Шоқыр» (2003) деген кітаптар шығарды. Бұдан бөлек 8 жинаққа таңдаулы очерктері енді.
Қарымды қайраткер көп жылғы жемісті қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» (1999), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медальдарымен марапатталды.
Ортамыздан журналистика саласының осындай көрнекті тұлғасы, абзал азамат, айтулы адам бақилыққа беттеп кетіп бара жатыр.
Алла алдыңнан жарылқасын, бақұл бол, Мәке! Пейіште нұрың шалқысын, Сақа!
Марқұмның жаназасы 2 қаңтар күні сағат 10:00-да өз үйінде шығарылады. Мәнзілі: Алматы қаласы, Ақжар шағын ауданы, Алатау көшесі, 219-үй.