Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Белгілі қазақ журналисі Мұхтар Түменбай өмірден өтті

АСТАНА. 21 шілде. Белгілі қазақ журналисі Мұхтар Түменбай 55 жасында кенеттен қайтыс болды. Бұл туралы Ulysmedia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қайғылы хабар жайлы журналист Серікқали Мұқашев әлеуметтік желідегі парақшасында баяндады.

«Асылдың сынығы еді… Тұлпардың тұяғы еді… Арамызда аңқылдап жүрген адал досымыз, әділетсіздік атаулыға қаны қас жаужүрек бауырымыз – белгілі журналист Мұхтар Түменбай досымыздан қапыда айрылып қалдық… Үйінде отырып, жүрегі кенет сыр беріпті. Бақұл бол, бауырым…», – деп жазды ол.

Мұхтар Жақсылықұлы Түменбай 1970 жылы 11 тамызда Қызылорда қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолында бірқатар басылымдар мен республикалық телеарналарда жұмыс істеді. «Qazaqstan» телеарнасында «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі ретінде танылған. Ол арна эфирінен шыққан соғыс қаһармандарына арналған «Мәншүк. Әкеге араша түскен қыз», «Төрт қайсар», «Әлия. Ерлік алгоритмі» деректі фильмдерінің авторы.

Мұхтар әкесі – жазушы Жақсылық Түменбаевтың қаламгерлік қызметін жалғастыра отырып, тек кәсіби журналист қана емес, сонымен қатар өзекті әлеуметтік және мәдени мәселелерге бей-жай қарамайтын азамат ретінде көрінді.

Мұхтар Түменбай шығармашылық саласында өзінің азаматтық ой-пікірі бар танымал тұлға болды.

«Шалқар» радиосы «Нысана» бағдарламасының жазушы Жақсылық Түменбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай 2024 жылғы 15 қаңтарда эфирге шыққан хабарына қатысқан Мұхтар «Мен әке өсиетіне адал болдым» деген еді.

Мәдениет және ақпарат министрлігі де Мұхтар Түменбайдың дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, барша әріптестеріне көңіл айтты.

«Мұхтар Жақсылықұлы өзінің шығармашылығы мен азаматтық ұстанымымен ел есінде қалған тұлға еді. Ол қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып, талай маңызды бағдарламалар мен деректі фильмдердің авторы атанды. Әсіресе, «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы арқылы елдегі маңызды оқиғаларға терең талдау жасап, көрерменнің құрметіне бөленді», – делінген көңіл айту хатында.

Бақұл бол, Мұхтар! Алла алдыңнан жарылқасын.

Еске сала кетейік, биылғы 22 мамырда белгілі журналист Диас Ахметшәріп те өмірден озған еді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button