Тарихымызды түпнұсқадан зерттеуге мүмкіндік береді
20 сәуір, 2020 жыл
Abai.kz
Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті шығыс елдерімен тығыз байланысты. Халқымыздың түркілік ежелгі және ортағасылық тарихының деректері қытай, парсы, араб һәм түркі тілдерінің жазбаларында молынан көрініс тапқан. Бірақ кеңестік кезеңде түрлі саяси себептерге орай шығыстану саласы Қазақстанда 1989 жылға дейін өз алдына жеке мекеме ретінде құрыла алмады, тек 1989 жылы ғана Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде шығыстану факультеті ашылды.
«Ештен кеш жақсы» демекші, бүгінге дейін аталған оқу орнын бітірген көптеген түлектер тәуелсіз Қазақстанның саяси, мәдени, дипломатия және экономика саласында елеулі қызмет етіп келеді. Сонмен бірге бұл саланың ауыр жүгін көтеуге тарихи Отанына оралған ғалымдар қосылды. Ираннан келген Ислам Жеменей шығыстану саласын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан айтулы ғалым.
Жуырда Ислам Жеменей «Тарих-и-Рашидидің» парсы тіліндегі Өзбекстан, Тәжікстан және Лондон (Теһран, А. Ғаффари Фәрд нұсқасы бойынша) қолжазба нұсқаларын салыстырып, ондағы мәтінді, терминдерді, қасиетті Құран аяттарын, түркі өлеңдерін және көне сөздерді анықтап, саралап, кітаптың толық нұсқасын дайындады. Текстологиялық толық нұсқасын және шығарманың тарихи, әдеби, діни, саяси және тілдік маңызына арнап кіріспелер жазды. Сонымен бірге қазақ хандығы құрылған 1465 жылдан бұрынғы тарихымен бүгінге дейінгі тарихына шолу жасап, парсы тіліндегі текстологиялық нұсқасын дайындады, оны Иран Ислам Республикасының Мәдениет және Исламды дәріптеу министрлігі бекітіп, Теһрандағы «Оғызхан» баспасынан жарыққа шықты.
Кітап«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тұран-Иран» ғылыми зерттеу орталығында дайындалып, Теһрандағы Табатабаи университетінің ғылыми кеңесінің мүшесі доктор Беһруз Бекбабаидың қолдауымен жарық көрді. Міне бұл Қазақстан-Иранның жоғары оқу орындарының мәдени-ғылыми байланыстарының жоғары деңгейде екендігінің дәлелі болмақ.
«Тарих-и-Рашиди» қолжазбарының текстологиясы үш кітап болып жарық көрді. Бірінші және екінші томдары 230 бет және 655 бет болып шыққан. Бұл екі томда Ислам Жеменейдің алғы сөзімен басталды. Сонмен бірге екі кітап толық бір том болып, 781 бетпен жарық көрген. Бұл томда Ислам Жеменейдің «Тарих-и-Рашиди» кітабының қазақ тарихына, мәдениетіне, әдебиет пен тіліне қатысты жазған анықтамалық кіріспелер бар.
Аталған барлық томдарда жер-су, адам аттарын кесте бойынша оңай табуға болады. Әрі әр томда түркі өлеңдерін парсы тіліне аударған. Ал қазіргі қазақ тілінде қолданып келе жатқан көне түркі сөздеріне арнап түркі-парсы сөздігі жасалған. Осылайша, парсы тілінде жаңадан шыққан «Тарих-и-Рашиди» кітабында түркінің өлеңдері, түркінің көне сөздері де бәз қалпына келтіріліп, қазақ тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне және тіліне қатысты түркілік мұра екендігін нақтылап берген бірегей еңбек. Бұл еңбек бұдан былай өз тарихымызды дәнекер тілге арқа сүйемей, түпнұсқадан тікелей қарастырып, өз мүддемізге орайластырып зерттеп, зерделеуге мүмкіндік береді.
Ислам Жеменей ағамыз 2003 жылы Мұхаммед Айдар Дулаттың «Тарих-и-Рашиди» кітабын көне парсы тілінен алғаш рет аударып, туған халқының тілінде сөйлеткен. 2015 жылы аталмыш еңбекті түпнұсқадағы сопылық әдеби мазмұнның ішкі мәніне үңіле отырып толықтырып аударды. Оны ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен Қазақ Хандығының 550 жылдық мерей тойына арнап оқырманға ұсынды. Алла қаласа алдағы күндерде бабмыздың кесек туындысы «Тарих-и-Рашидидің» парсы тіліндегі Өзбекстан, Тәжікстан және Лондон (Теһран, А. Ғаффари Фәрд нұсқасы бойынша) қолжазба нұсқаларын салыстырып, сараланған қазақ тіліндегі текстологиялық толық нұсқасы жарық көрмек. Онда шығарманың тарихи, әдеби, діни, саяси және тілдік маңызына арналған кіріспелермен қазақша транскрипцияда жаңа толық кейпінде өз оқырманын табады.
Ислам Жеменей ағамыздың ғылыми бағытта осындай бастама бола алатын еңбектері үшін ризалық көңілімен құттықтап, табысты еңбектері молайып, еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарына қосқан елеулі үлесі баянды болып, жалғаса беруіне тілектеспіз.
Нұрхалық АБДЫРАҚЫН