Егесі жоқ елдің ешкісіне дейін есіреді
АСТАНА. 13 сәуір. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингінде барлық сұрақтарға тек орысша жауап қайтарған Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабековаға қазақ тілді журналистер үлкен наразылық білдірді. Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлады.
Агенттік тілшісі осыған орай «Төтенше жағдайда Қазақстан заңдары жұмыс істемей, Ресейдің заңдары жұмыс істей ме?!» деген заңды сұрақ қояды.
Расында біз қайда елде өмір сүріп отырмыз осы? Әлде әлі де Кеңес Одағында тіршілік етіп келеміз бе, әлде тағы Ресейдің боданына айналып кеттік пе?
Бұдан отыз жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев «Сәл шыдай тұрыңдар, бәрі кезеңімен келеді» деп жұртты алдарқатушы еді, сол уақыттағы қалыптан қазір де өзгеріп кеткеніміз шамалы болып отыр. Неге? Неге осы елдің негізгі егесі, титулды ұлт – қазақтардың конституциялық құқықтары өз мемлекетінде көпе-көрнеу, көрер көзге күн сайын бұзыла береді?
Ең сорақысы, комитет басшысы Қазақстанда мемлекеттік тілдің қазақ тілі екенін мүлде білмейтін болып шықты. Сондықтан да ол брифинг барысында бірқатар БАҚ тілшілерінің мемлекеттік тілдегі сұрақтарына «Мен орысша жауап беремін» деп, бұра тартып, өзінің айтқанынан қайтпай тұрып алған. Комитет басқаратын ханым жиында «Азаттық» радиосы тілшісі Манас Қайыртай бастаған тағы 4-5 қазақ тілді БАҚ өкілдерінің мемлекеттік тілде қойған сұрақтарына еш қымсынбастан, Ресейде отырғандай орыс тілінде сырғытып жауап беруді жалғастыра түскен.
Біздің мемлекетімізді, оның тілін сыйламайтын мұндай маманды министрлікте жоғары қызметте ұстаудың қаншалықты қажеттілігі бар?
«Қазақ үні» газетінің редакциясынаа хабарласқан оқырмандар Денсаулық министрлігі комитет басшысын тілдік құқын шектегені үшін сотқа беретінін айттыпты. Ал «Азаттық радиосы» мемлекеттік қызметкерден мемлекеттік тілде ақпарат алу құқының шектелгені үшін шенеунікті сотқа бере ме, ол әлі белгісіз…
«Атап өтерлігі, Денсаулық сақтау министрлігінде бұл бірінші рет орын алып тұрған жағдай емес. Осыған дейін ОКҚ-да есеп берген мемлекеттік бас санитар Айжан Есмағамбетова да тек орыс тілінде сөйлеп, артынша бұл мәселеге қатысты қоғамда наразылық туындаған болатын», деп жазады басылым бұдан әрі.
Бұдан бірқатар уақыт алдын мұндай мәселе туралы белгілі ақын Қазыбек Иса «Бас санитардың Ресей тіліндегі сөзін министр аударып бере ме?» атты мақала жазып, қазақ елінде қызмет ететін мұндай мемлекеттік қызметтегі шенеуніктердің мемлекеттік тілде есеп беруін талап еткен еді. Ал белгілі блогер Марғұлан Боранбай бастаған қоғам белсенділері қазақ тілін білмейтін мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан кетуі керектігін мәлімдемеген.
Содан кейін Орталық коммуникация қызметіндегі жағдай реттелгендей болып еді…
«Қазақ үні» агенттігі бұдан әрі бас санитардың сол кездегі брифингінен кейін агенттіктің тілшілері Орталық коммуникация қызметіне хабарласып, «спикерлерге мемлекеттік тілде сөйлеуге талап қойыла ма?» деп сұрағанын мысалға келтіреді. Сонда ОҚК өкілдері, әдетте қазақ тіліндегі сауалға қазақша жауап беру керек деген талап қойса, төтенше жағдай кезінде ондай талап қойылмайтынын айтқан екен.
Бұл қалай? Мұнда қандай қисын бар? Олай болса, Төтенше жағдайда мемлекеттік тілде сөйлеуге болмай, орыс тілінде сөйлеуге болатындай Қазақстан заңдары жұмыс істемей, Ресейдің заңдары жұмыс істей ме?!
Осы орайда «Денсаулық сақтау министрлігінде мемлекеттік тілді меңгерген маман жоқ па?!» деген заңды сауал туындайды.
Әлде, Ресей тілін түсінбейтін миллиондаған қазақ елі азаматтарының шектеуге ұшыраған құқығы осылай күнде көз алдымызда таптала бере ме?
Бұдан тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған Қазақстанда мемлекеттік тіл туралы конституциялық және заңдық талаптардың барлығы бос сөз екеніне көзіміз жетеді.
Сондықтан да Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдау туралы ашық хатқа үш күнде 30 мыңнан аса қол жинаған халық бұл ең маңызды мемлекеттік мәселені қатты талап етіп отыр!