Цифрлық әлемнің сырын әйбат меңгерген

Ұстаздық жол – білім мен біліктің, төзім мен парасаттың тоғысқан арнасы. Осы арнада еркін жүзіп, дәлдікті сүйетін математика мен ұшқырлықты қажет ететін информатика саласын тең ұстап келе жатқан білікті маман – Әсем Оспанова. Ол бүгінде Шиелі өңіріндегі №270 Ғ. Мұхамеджанов атындағы орта мектептің мақтанышы, жаңашыл идеялардың генераторы мен шәкірттерінің адал досына айналған «педагог-сарапшы».

Кейіпкеріміздің білім белестеріне көз жүгіртсек, оның ізденімпаз болмысын бірден аңғаруға болады. И. Әбдікәрімов атындағы колледжде техник-электроник мамандығын тәмамдап, кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен «Болашақ» университетінде қос пәннің тізгінін қатар ұстауы – оның жан-жақтылығының айғағы. Осынау іргелі білім негізі бүгінде мектеп қабырғасында сапалы нәтижелерге айналып, білім берудің жаңа стандарттарына жол ашуда.
Білікті ұстаздың еңбегі тек аудиториямен шектелмейді. Ол – өз кәсібінің нағыз шебері екенін аудандық «Педагогикалық идеялар аукционында» жүлделі орын алып, «ЕББҚ балалардың үздік мұғалімі – 2025» байқауында дараланып, І орын иеленуімен дәлелдеді. Мұндай жетістіктер оның әр баланың тағдырына бей-жай қарамайтын, инклюзивті білім берудің қыр-сырын меңгерген жүрегі кең ұстаз екенін көрсетеді. Салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасы мен «AMANAT» партиясының Алғыс хаты – оның қоғамдық белсенділігі мен адал еңбегіне берілген әділ баға.
Шәкірт жетістігі – ұстаз мерейі. Математика мен информатиканың сиқырлы әлеміне жетелеген оқушылары биік белестерді бағындырып келеді. «Алтын сақа» олимпиадасында Бейбіт Ибрагим мен Төлеген Мұсаның жүлделі орындардан көрінуі, әсіресе Мұсаның І орынды иеленіп, республикалық деңгейдегі олимпиадаларда топ жаруы – жүйелі жұмыстың жемісі. Сондай-ақ, жас зерттеуші Халық Сырымның республикалық «Зерде» конкурсында математика секциясы бойынша екі жыл қатарынан үздік атанып, І орынға көтерілуі – кейіпкеріміздің ғылыми жетекші ретіндегі әлеуетін паш етеді. Жамалхан Рахманберді сынды шәкірттерінің «Алтын сақадағы» нәтижелері мен «Ақбота», «Кенгуру» сайыстарының жеңімпаздары бұл мектепте білім бұлағының көзі ашылғанын аңғартады.
Заман ағымына сай, маман цифрлық кеңістікті еркін меңгерген. Ол бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – жасанды интеллектіні сабақ үрдісіне тиімді енгізу жолдарын ұсынып, өз тәжірибесімен әлеуметтік желілерде белсенді бөлісіп отырады. Оның әлеуметтік желілердегі кәсіби парақшалары – әріптестері үшін әдістемелік көмекші, ал оқушылары үшін қызықты таным алаңы. Жасанды интеллектіні сабаққа интеграциялау арқылы ол оқу үдерісін тартымды әрі тиімді ете білді.
Ол сынып жетекшісі ретінде ғана емес, бала жанының бағбаны бола білген мақтаулы маман. Әрбір шәкіртінің қабілетін ұштап, оларды заманауи технологиялармен қаруландырып отырған бұл жан нағыз ХХІ ғасыр мұғалімінің эталоны деуге лайық. Білім мен технологияны ұштастырып, сандар әлемін салтанатты өнерге айналдырған ұлағатты ұстаздың алар асулары әлі де алда екені сөзсіз.
Ұстаздық – бұл жай ғана жұмыс емес, бұл – шығармашылық. Әсем апайдың әрбір сабағы – жаңа технологиялар мен дәстүрлі білімнің үндесуі. Ол математикалық есептердің шешімін табуды ғана емес, сол арқылы оқушының сыни ойлауын, логикасын және цифрлық сауаттылығын дамытуды басты орынға қояды. Оның әлеуметтік желілердегі белсенділігі – заманауи ұстаздың имиджін қалыптастырудағы үлкен қадам. Бұл арқылы ол мұғалім беделін арттырып, білім берудің қолжетімді әрі қызықты бола алатынын дәлелдеп келеді.

Қорыта айтқанда, білім беру саласындағы қажырлы еңбегі мен жаңашылдыққа деген құштарлығы оны өз ортасында сыйлы, шәкірттері арасында сүйікті етті. Біз осындай «Жыл үздігі», «Технология жанашыры» деген атқа лайық жанмен мақтанамыз. Оның кәсіби жолы – өскелең ұрпақ пен жас мамандар үшін нағыз үлгі-өнеге.
Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы






