АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Мұғалім – мәртебелі мамандық

Ұстаздық жол – білім мен парасаттың, тағылым мен тағаттың тоғысқан арнасы. Осы арнада аянбай тер төгіп, саналы ғұмырын жас ұрпақтың санасына білім нәрін егуге арнаған білікті маман, парасатты педагог – Зүлфия Ермекбаева. Ол бүгінде Шиелі өңіріндегі №270 Ғ. Мұхамеджанов атындағы орта мектептің мақтанышы, ағылшын тілі әлемінің шебер бағбаны және «педагог-зерттеуші» деңгейіндегі кәсіби биікті бағындырған дара тұлға.

Зүлфия Мадиярқызының білім белестеріне көз жүгіртсек, оның іргелі білім негізі Алматыдағы Абылай хан атындағы халықаралық қазақ-түрік тілдері (қазіргі Әлем тілдері) университетінде қаланғанын көреміз. 1989-1994 жылдар аралығында алған сапалы білімі мен 31 жылдық ерен еңбек өтілі бүгінде оны нағыз өз ісінің хас шеберіне айналдырды. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес, ол – жүрек қалауы. Осы ұлы мұратты ту еткен кейіпкеріміз бүгінде ағылшын тілін оқытудың инновациялық әдістемелерін жасап, республикалық деңгейде танылып отыр.

Еңбек жолындағы ізденістерінің жемісі ретінде оның авторлық бағдарламалары мен әдістемелік құралдарын атап өтуге болады. 2024 жылы жарық көрген «Enhancing students’ reading skills in English» атты авторлық бағдарламасы мен 2025 жылы басылған «Effective strategies for expanding vocabulary» әдістемелік көмекші құралы – тіл үйренушілер үшін таптырмас қазына. Бұл еңбектер ұстаздың тек сабақ берумен шектелмей, ғылыми-әдістемелік зерттеулермен айналысатын нағыз ғалым-педагог екенін айқындайды. Оның «Ұлы дала ұстазы» жинағындағы мақалалары мен республикалық басылымдардағы еңбектері – Сыр елі ұстаздарының абыройын асырған жетістіктер.

Білікті маманның басты жетістігі – шәкіртінің жеткен биігі. Зулфия апайдың тәлімін алған оқушылар бүгінде халықаралық және республикалық додаларда топ жарып жүр. 4-сынып оқушылары Раяна Махамбет пен Медина Беркіннің «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында республикалық ІІІ дәрежелі диплом иеленуі – ұстаздың бастауыш сыныптан бастап нық білім бергенінің айғағы. Ал жоғары сынып оқушысы Нұрайдың «Абай» пәндік олимпиадасында облыстық І дәрежелі дипломды жеңіп алуы және облыстық «Ауыл олимпиадасында» 3-орынды иеленуі – бәсекеге қабілетті білімнің нәтижесі. Сонымен қатар, өзге де шәкірттерінің «Зерде» конкурсындағы жеңістері мен А. Байтұрсынұлының мерейтойына арналған шығармалар байқауындағы табыстары ұстаз бен шәкірт арасындағы үндестіктің көрінісі.

Кейіпкеріміздің өз биігі де аласа емес. Ол заман талабына сай цифрлық технологияларды еркін меңгерген. Облыстық деңгейде «Ағылшын тілі сабағында ойын әдісін цифрлық ресурстар арқылы қолдану» тақырыбындағы баяндамасы мен «Teacher’s Workshop» атты әдістемелік жұмыстары облыстық білім басқармасы тарапынан жоғары бағаланып, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды. 2025 жылы өткен VI республикалық ғылыми конференцияда «Білім және руханият» тақырыбында үздік баяндама жасап, І дәрежелі диплом иеленуі – оның ғылыми ізденісінің шыңы. «Педстарт 2024» байқауының жеңімпазы атануы да кәсіби шеберліктің белгісі.

Бұл есім бүгінде «Оқушылардың ғылыми жобалары бойыннша шығармашылық шеберхана» атты жобаның аясында ғылыми жұмыс жазудың тәжірибесін ортаға салып, жас мамандарға бағыт-бағдар сілтеп отырған шамшырақ іспетті. Ұстаздың бойындағы қарапайымдылық пен білімге деген құштарлық әрбір сабағында айқын сезіледі. Ол ағылшын тілін тек пән ретінде емес, әлемдік мәдениетке ашылған терезе ретінде оқытады. Ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, заманауи білім беру стратегияларын ұштастыруы – оның нағыз патриоттық тұлғасын аша түседі.

Мұғалімдіктің мәртебелі мамандық екенін Зүлфия Ермекбаева 31 жылдық еңбек өтілінде мыңдаған шәкірттің жүрегіне жол тауып, олардың өмірлік бағытын айқындауға көмектесті. Оның авторлық бағдарламалары мен әдістемелік еңбектері бүгінде республика деңгейінде таратылып, кең қолданысқа ие болуда. Бұл – ұзақ жылғы қажырлы еңбек пен толассыз ізденістің заңды жемісі.

Қорыта айтқанда, Сыр топырағында білімнің алауын жағып, шәкірттерін әлемдік кеңістікке жетелеген ұлағатты ұстаздың еңбегі ұшан-теңіз. Өз ісіне адалдық, кәсіби біліктілік және шәкіртке деген шексіз махаббат – кейіпкеріміздің өмірлік кредосы. Осындай білікті мамандар барда, еліміздің білім беру саласы әрқашан биіктен көрінері сөзсіз. Парасатты педагог, зерттеуші-ғалым ретінде оның алар асулары әлі де алда екеніне кәміл сенеміз. Білім мен тәрбиені қатар өрген ардақты ұстаздың жолы – кейінгі толқын жас мамандар үшін нағыз үлгі-өнеге.

Мектеп табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршінге ағылшын тілінің әліпбиін үйретіп қана қоймай, олардың бойындағы жасырын талантты аша білген Зүлфия Ермекбаеваның еңбегі мемлекеттік деңгейдегі марапаттармен ғана емес, шәкірттерінің алғысымен де өлшенеді. Ол – Сыр елінің білім саласындағы нағыз майталманы, абыройлы ұстазы. Бұл мақала – өз ісінің хас шеберіне, білім жолының жанкештісіне көрсетілген шынайы құрметтің бір парасы ғана.

Жансая НҰРҚОЖА,

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button