Парасат пәруазындағы педагог

«Ұстаздық – ұлылықтың бастауы» демекші, тағдырын тәлім мен тәрбиеге байлаған, саналы ғұмырын мектеп қабырғасында өрнектеген білікті маманның еңбек жолы – нағыз парасат пен табандылықтың айғағы. 1997 жылдан бастап білім айдынында ескек ескен Гүлзира Жаңабаева алғашқы қадамын Г.Н. Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясынан бастап, кейіннен Шиелі өңірінің қасиетті «Көкшоқы» топырағына қоныс аударып, №127 орта мектепте ұлағатты ісін жалғастырды. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы информатика мен математиканың күрделі әлемін шәкірттеріне ұғындырып қана қоймай, ол білім ордаларының бейінді оқыту ісіндегі маңызды белестерін абыроймен басқарып келеді.

Ұстаздық жолындағы іскер басшы «жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деген қағиданы іс жүзінде дәлелдеп, ұжымдағы әріптестеріне сыйлы, шәкірттеріне үлгі бола білді. Оның басшылық стиліндегі басты ерекшелік – адамгершілік пен талапшылдықтың сабақтастығында жатыр. Өйткені ол әрқашан оқу мен тәрбиенің бірлігін басты назарда ұстап, баланың рухани дүниесін байытуды мақсат тұтады. Кейіпкеріміздің бойындағы ұйымдастырушылық қабілеті мен адамгершілік асыл қасиеттері 2022 жылдан бастап №270 Ғ. Мұхаметжанов атындағы мектептегі қызметінде жаңа қырынан көрінді. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген сөздің мәнін терең түсінген кейіпкеріміз үнемі ізденіс үстінде жүріп, оқушыларын Ұлттық бірыңғай тест сынақтарына, республикалық және халықаралық олимпиадаларға асқан шеберлікпен дайындап келеді. Оның баптаған шәкірттері тек аудандық емес, Мәскеуде өткен «Наука без границ» конференциясында, Ұлыбританияның Манчестер қаласында халықаралық жиындарда және Түркияның Адана қаласындағы ғылыми додаларда мектеп мерейін асқақтатты. Француз педагогы Жубер айтқандай, «оқыту дегеніміз – екі есе оқу» екенін берік ұстанған ізденімпаз жан өзі де үнемі білімін жетілдіріп, «Математика-физика», «Хабаршы» секілді ғылыми басылымдарда өзекті мақалалар жариялап, математиканың философиялық мәселелерін терең қаузап жүрген ғалым-ұстаз ретінде танылды.
Парасатты жанның ерен еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланып, сан түрлі марапаттармен айшықталды. Оның еңбек жолындағы алғашқы елеулі белестерінің бірі ретінде 2012 жылы «Өрлеу » біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мерейтойлық медалімен марапатталуын айтуға болады. Сонымен қатар, ол 2013 және 2020 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамоталарына ие болып, салалық деңгейдегі биік беделін айқындады. 2016 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тағуы – оның білім беру жүйесіне қосқан өлшеусіз үлесінің заңды өтеуі болса, дәл осы жылы «Ы. Жақаевқа -125 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталуы өңір алдындағы еңбегінің көрінісі еді.
Мектеп директорының қоғамдық белсенділігі мен ұйымдастырушылық шеберлігі 2018 жылы Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойлық медалімен және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының мерейтойлық төсбелгісімен марапатталуына негіз болды. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің және Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталып, облыстық және республикалық деңгейдегі беделін нығайта түсті. 2020 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің төсбелгісімен марапатталуы – жоғары оқу орны мен мектеп арасындағы байланысты нығайтқан ғалым-ұстаз ретіндегі мәртебесін биіктетті.
Гүлзира апайдың мемлекетшілдік болмысы мен адал қызметі 2021 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің Алғыс хатымен және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталуы арқылы жоғары деңгейде мойындалды. Кәсіби шеберлігімен қоса, ұжымның бірлігін сақтаудағы қабілеті 2022 жылы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және облыстық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен бағаланды. Оның Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы қажырлы еңбегі үшін алған марапаттары аймақтық білім саласына сіңірген еңбегінің айқын айғағы. VIII шақырылымдағы аудандық мәслихат депутаты ретінде Гүлзира Жаңабаева бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар түйткілді мәселелердің шешілуіне тікелей мұрындық болып келеді. Депутаттық мандатын ел игілігіне жұмсай отырып, ол сайлаушылардың аманатын арқалап, мектеп пен қоғам, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды.
Тіпті соңғы жылдардың өзінде ол толастамайтын ізденісінің арқасында 2024 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Үздік түлек» төсбелгісін, өңірдің қоғамдық-саяси және ақпарат саласына қосқан үлесі үшін арнайы марапаттарды иеленді. Білікті басшының басқаруымен №270 мектеп ұжымы да биік белестерді бағындырып келеді. Оның дәлелі ретінде «Сыр лигасы» дебаттық ойындарындағы жүлделі орындарды, «Үздік психолог» және «Үздік биология» кабинеттері байқауларындағы жетістіктерді мақтанышпен айтуға болады. Мектептегі әрбір мұғалімнің өсуіне жағдай жасайтын басшының арқасында бүгінде мектеп ұжымы Оқу-ағарту министрлігінің жоғары марапаттарына ие болып отыр.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, өз ісінің майталманы ретінде ол әрбір сабағында инновациялық технологияларды қолдана отырып, шәкірт санасына білім нәрін құйып қана қоймай, оларды өмірдің биік белестеріне баулудан еш жалыққан емес. Иә, Гүлзира Есенкелдіқызы Жаңабаева ұжымды бір мақсатқа жұмылдырып, педагогтардың кәсіби деңгейін көтеруде қажырлы еңбек етіп келе жатқан бұл тұлғаның басшылық қызметі бүгінгі жас мамандар үшін нағыз мектеп, ғибратты жол. Ол – тек білікті кадр ғана емес, айналасына шуақ шашатын, әрбір әріптесінің жағдайына қарайласатын, шәкіртінің жетістігіне балаша қуанатын кең жүректі жан. Оның салған сара жолы, шәкірттерінің жеткен биігі мен ұжымдағы сыйлы бейнесі білім саласындағы ұлы істердің жарқын көрінісі болып қала бермек. Парасат пәруазындағы, яғни ұшар биігіндегі кейіпкеріміз – ұлттық құндылықтар мен заманауи білімді ұштастыра білген ұлағатты ұстаз, абзал ана және білікті басшы. Оның еңбек жолы – келер ұрпаққа үлгі, ұлтқа қызмет етудің шынайы үлгісі.
Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы






