Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Берік Уәли «Қазақстан» РТРК» телекомпаниясын басқаруға барды

АСТАНА. 14 ақпан. Бұған дейін Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған Берік Уәли «Қазақстан» РТРК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бұл туралы Elorda.info хабарлады.

«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесі мүшелерінің кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Қазақстан» РТРК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды», – делінген хабарламады. .

Берік Уәли (шын аты-жөні – Құрманғалиев Берік Уәлиұлы) 1977 жылы 4 қаңтарда Семей (қазіргі – Шығыс Қазақстан) облысы Ақсуат ауданы «Ойшылық» ауылында туған.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын кинотанушы мамандығы бойынша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын журналистика мамандығы бойынша, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Таң» телеарнасының тілшісі болып бастап, әр жылдары «31 арна», «Хабар», «Qazaqstan» телеарналарының редакторы және жүргізушісі болып қызмет етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Нұр Медиа» медиа орталығын басқарды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы, Жамбыл облысының ішкі саясат басқармасының басшысы, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі, Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі және ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

2019 жылғы наурызда Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы болып тағайындалды. Сонымен қатар 2019 жылдың қыркүйек айында «ҚР Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланған болатын.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button