Тарихтың тамырын цифрлық әлеммен жалғаған заманауи ұстаз

Жаңыл Қалкөзова – Сырдың сүлейлері мен жыраулары шыққан киелі өлке, Шиелі кентіндегі №270 мектептің мақтанышына айналған, парасаты мен пайымы биік нағыз сегіз қырлы, бір сырлы ұстаз.
1977 жылы 2 сәуірде дүние есігін ашқан ол, бала күнгі арманын адастырмай тауып, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алып, тарихтың терең қойнауына бойлады.
Ширек ғасырлық еңбек өтілі бар Жаңыл Алпысбайқызы бүгінде «Зерттеуші» санатындағы білікті маман ретінде танылып, «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген қағиданы өмірлік ту етіп келеді. Ол тек тарихтың құрғақ фактілерін айтып қана қоймай, әр сабағын ұлттық рухтың ұясына айналдырып, «Өткенін білмегеннің болашағы бұлыңғыр» екенін шәкірттерінің санасына сіңіруде. Оның бүгінгі таңдағы ең үлкен жаңалығы – тарих сабағында жасанды интеллект арқылы STEAM әдісін пайдалана отырып, оқушыларды ұлттық құндылықтарға баулуы. Бұл – заман көшінен қалмай, цифрлық технологияны ұлттық мүддеге қызмет еткізудің үздік үлгісі.
Оқушылар Жаңыл ұстаздың сабағында жасанды интеллект көмегімен бабалар бейнесін тірілтіп, тарихтың тылсым беттерін заманауи технологиямен зерттей отырып, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятады. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, ұстаздың қажырлы еңбегі көптеген марапаттармен айшықталған. Оның қоржынында Қызылорда облыстық «Дарын» орталығының, облыстық ішкі саясат басқарма басқармасының, руханият орталығының және Шиелі ауданы әкімі мен білім бөлімінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары бар. Тіпті Астана қаласында өткен Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жүлделі 3-орынды иеленіп, өзінің зерттеушілік әлеуетін дәлелдеген жан. Шәкірттерінің де облыстық және аудандық олимпиадаларда 1,2, 3-орындардан көрінуі – ұстаз еңбегінің жанған шырағы іспеттес.

«Ағаш тамырымен, адам досымен» десек, Жаңыл Қалкөзова – ұжымның сыйлы анасы, шәкірттің қамқоршысы және білім беру саласындағы жаңашыл реформатор. Ол өз ісіне деген шексіз махаббатымен, жасанды интеллектіні ұлттық құндылықтармен шебер ұштастыра білуімен көпке үлгі болып отыр. Осындай білікті де білімді ұстаздың Шиелі топырағында еңбек етуі – білім ордасының бағы, ұлттық тарихымыздың ертеңіне деген зор сенім.
Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы
Шиелі ауданы






