Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Қарауындағылар жемқорлығы үшін басшы жазаланады

Астана, 19 тамыз. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарауындағы қызметкерлерінің жемқорлыққа ұрынғаны үшін бірінші басшының жаза алатынын айтты. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sputnik хабарлады
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қабылдады. Ведомство басшысы президентке биылғы жеті айдағы жұмыстардың негізгі нәтижелері мен ведомствоны қайта құру шараларын ұйымдастыру туралы баяндады.
«Алик Шпекбаев президентке агенттік құрылымында жаңадан құрылған 5 департамент: алдын алу, парасаттылық, серіктестік, квазимемлекеттік сектордағы, құқық қорғау және сот органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды анықтау және тергеу департаменттерінің жаңадан құрылғаны жөнінде мәлімет берді», – делінген хабарламада.
Кездесу соңында Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес барысында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін заңнамалық және ұйымдастыру шараларын уақтылы қабылдау қажеттігін атап өтті.
Нақтырақ айтқанда, президент қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық әрекеті үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын қызметінен босату институтын енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормативтік-құқықтық актілерді сараптамадан өткізуді қайта қалпына келтіру, мемлекеттік қызметшілердің заңсыз баюы, кіріс және шығыс декларацияларын жариялау жауапкершілігі жөніндегі шаралардың маңыздылығына назар аударды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button