Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Бас мүфтиі дүниеден өтті

АЛМАТЫ. 16 қаңтар. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Жоғарғы мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы 86 жасында бақи дүниеге аттанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қаралы хабарды еліміздің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы Наурызбай қажы Тағанұлы жеткізді.

Рәтбек қажы Нысанбайұлы – көрнекті діни қайраткер. Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш бас муфтиі, Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының құрметті профессоры, белгілі ғалым. Ол 1990 жылдан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.

«Рәтбек хазіретіміз мүфти болған жылдары мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыра түсті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалаған Рәтбек Нысанбайұлы өзі басқарған мерзім ішінде 30-дан астам мешіт салдыруға ықпал етт», – деп жазды бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзінің хабарламасында.

Рәтбек Нысанбайұлы 1940 жылы 14 қарашада Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Сарыағаш ауданында туған. Ол 1964 жылы Бұхарадағы «Мир-Араб» медресесін, Бұхара педагогикалық институтын бітірген. Ал 1975 жылы Ливия діни университетін үздік тәмамдап, елге оралысымен дінге қызмет етуге кірісті. Оның тікелей ұйытқы болуымен Кеңес Одағының тұсында-ақ 68 мешіт бой көтерді.

1990 жылы 12 қаңтарда Алматыда Қазақстан мұсылмандарының бірінші съезі өтті, онда Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы құрылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ташкент Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары басқармасынан (ҚМДБ) бөлініп, тәуелсіз ұйымға айналды. Рәтбек қажы Нысанбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алғашқы төрағасы және Жоғарғы мүфти болып сайланды.

Рәтбек қажы Нысанбайұлы Құранның қазақ тіліне аудармашысы, Уақап Қыдырханұлымен бірлесіп жазған және ислам туралы бірнеше кітаптың авторы ретінде де танымал. 2020 жылы Қазақстан президентінің Жарлығымен діни және рухани өмірге сіңірген еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.

Ратбек қажы Нысанбайұлы Қазақстан исламының тарихында және елдің рухани өмірінде елеулі із қалдырды. Ол бас мүфти болған кезде еліміздегі мешіттер саны 1,5 мыңға дейін көбейді, Алматыда Бас мешіт салынды. Оның бастамасымен Ислам университеті, Жамбыл облысының Меркі ауылында медресе ашылды, «Ислам әлемі» және «Шапағат-Нұр» діни журналдар шыға бастады.

Қош болыңыз, хазірет! Алла алдыңыздан жарылқасын.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button