Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Дастан Сәтбаев «Қайратқа» Чемпиондар лигасында жеңіс әперді (видео)

АЛМАТЫ. 6 тамыз. Алматының «Қайрат» командасының 16 жасар форварды Дастан Сәтбаев Чемпиондар лигасының 3-раундында өз командасын жеңіске жеткізді. Бұл туралы Vesti.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Чемпиондар лигасы үшінші раундының бірінші матчы Алматыдағы Орталық стадионда ойналды. Алаң иелері Словакияның «Слован» (Братислава) клубымен кездесті.

«Қайрат» ойыншылары бірден ойын тізгінін өз қолындарында ұстады. Олар алғашқы минуттардан меймандар қақпасына әлсін-әлсін қауіп төндіре бастады. Алайда «Слован» дарбазашысы Доминик Такач қырағылық танытып, қатердің бетін сейілтіп тұрды. Бұдан әрі словактар алаң иелерінің нөпір қарқынын қайтарып, бірте-бірте алаңдағы ахуалды біршама түзеді. Осы тұста олар да алаң иелері қақпасына бірнеше соққы жасап үлгерді.

Матчтың 15-минутында бұрын «Қайсар» мен «Астана» сапында өнер көрсеткен «Слован» жартылай қорғаушысы, армян футболшысы Тигран Барсегян қарсыласын итеріп құлатқаны үшін сары қағаз алды. Арада 15 минут өткеннен кейін дәл осылай ереже бұзған қайраттық Еркін Тапалов та ескерту арқалады.

Дегенмен футболшылар мұнымен шектелмеді. 65-минутта братиславалық Рахим Ибрахим 15 минуттың ішінде екінші рет тәртіп бұзып, алаңнан қуылды. Алматылық Валерий Громыканың аяғынан қағу оған осындай «тосынсый» әкелді.

Ал «Қайрат» шабуылға құрылған ойынын жалғастыра берді. Бұл аралықта да қақпа құлпын ашуға болатын бірнеше мүмкіндік босқа жіберілді. Осылайша матч соңына дейін жетті. Осы тұстағы қауырт шабуылдардың бірінде, 90-минутта қонақтар өз айып алаңы ішінде біздің ойыншыны арт жағынан итеріп құлатты. Арбитр ойланбастан нүктені көрсетті. Пенальти! Оны Дастан Сәтбаев ересектерге тән салқынқандылыққа салып, дәл ұрып түсірді. Есеп – 1:0.

Осымен жасөспірім футболшы биыл Чемпиондар лигасында соққан добының санын үшеуге толтырды.

Бұдан кейін Дастанның қақпа алаңына жеткізген добына Рикардино кеудесін тоса қалып, қақпа торына түсіріп еді, бірақ төрешілер оның ойыннан тыс жағдайда соғылғанын анықтап, есептемей тастады. Сонымен, қорытынды есеп 1:0 болып қалды.

Тағы бір жайт, бұған дейін «Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші раундына дейін жетіп көрген жоқ-тын.

Қарымта матч 12 тамызда Братиславада өтеді. Егер «Қайрат» сол матчта ұтылмаса, плей-офф кезеңіне шығып, Шотландияның «Селтигімен» топтық турнирге өту үшін күш сынасады.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button