Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Халық жазушысы, ақын, композитор Исраил Сапарбай қайтыс болды

АЛМАТЫ. 18 шілде. Қазақстанның Халық жазушысы, ақын, драматург, композитор, аудармашы Исраил Сапарбай жасы 85-ке қараған шағында өмірден озды. Бұл туралы Nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қаралы хабарды таңертең Facebook әлеуметтік желісі арқылы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жеткізді.

«Бүгін таңнан суық хабар жетті. Таңғы сағат төрт шамасында 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Ұлы ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, бала-шағасының алдында ауыр науқастан қайтқаны жайлы хабарды маған ағамыздың ұлы Нұрлан Исраилұлы бауырым хабарлады», – деп жазды ол.

Қазақ әдебиетінің өресінен ойып тұрып өз орнын алған, көрнекті лирик ақын және композитор Исраил Сапарбайдың артында сұлу сазды әндері, қазақ поэзиясының қоржынына мұра болған өлеңдері және өз оқырманын тапқан пьесалары қалды.

Исраил Сапарбай 1941 жылы 15 мамырда Өзбекстанның Самарқанд облысындағы Кушрабад ауданында туған.

Шымкент педагогика институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген. Содан кейінгі жылдары журналистика мен әдебиет салаларында тоқтаусыз еңбек етті. Ол мұндағы жолын Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеуден бастады. Содан кейін, 1975 жылы Алматы жоғары партия мектебінен білім алып шықты. 1976–1983 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші болды. Ал 1983 жылы Алматыға қоныс аударып келіп, «Жалын» баспасында аға редактор болып орналасты. 1984-1985 жылдарын «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1985–1992 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан соң «Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары, 1997–1998 жылдары Сыртқы істер министрлігі ТМД елдері жөніндегі департаментінің бірінші хатшысы, 1998–1999 жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде екінші хатшы қызметтерін атқарды.

Ақынның алғашқы топтама өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» ұжымдық жинағына енді. Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері атанды. Ол – 70-ке тарта әндер мен 150-ге жуық әндер мәтіндерінің авторы. Сол сияқты автордың «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» атты пьесалары театр сахнасында қойылып  келеді.

Исраил Сапарбай – Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағы І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты. «Парасат» орденінің иегері. Шымкент қаласының құрметті азаматы.

Ақынның шығармалары «Аққу арман» (1976). «Раушан ғұмыр» (1978), «Бозқараған» (1980), «Қызыл-жасыл дүние» (1984), «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» (1986), «Қызыл жел» (1998), «Ғашықтың тілі», «Бармақтай бақ», «Махаббат пен Ғадауат» секілді жинақтар болып жарыққа шықты.

Қаламгердің қазасына байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде былай деп жазды: «Қазақ әдебиетінің тағы бір алып бәйтерегі құлады. Халық жазушысы, Алаш жұртының ардақты азаматы, көрнекті ақын Исрайл Сапарбай ағамыз келместің кемесіне мініп, жарық жалғаннан өтті. Қаламгердің барша ағайын-туыстарына, отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Исраил ағамыз – нәзік лирикасымен, сырлы да сазды жырларымен қазақ поэзиясында өз өрнегін қалдырған ерекше тұлға еді. Оның өлеңі елдің үніне, әні халықтың жүрегіне айналды. Сезімді тербеген сыршыл жырлары мен ойлы драмалары – руханиятқа қосылған баға жетпес қазына.Сара сөздің, шынайы сезімнің шебері – көпшілікке қазақ поэзиясының кең тынысын танытқан ақын ағамыздың асыл рухы пейіште шалқысын. Алла тағала рақымына алып, жаны жәннатта, топырағы торқа болсын! Қош болыңыз, Исраил аға!».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, композитор, Қазақстанның халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбайдың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты. «Исраил Сапарбай ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан дарынды қаламгер еді. Ұлттық поэзия мен драматургияда өзіндік қолтаңбасын қалдырып, нағыз шығармашыл тұлға ретінде өнімді еңбек етті. Қалың оқырман өміршең туындыларымен қатар ұлтжанды азаматтығын жоғары бағалады. Соңына бай әдеби-мәдени мұра қалдырған Исраил Сапарбайдың жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды», – деп жазылған жеделхатта.

Иә, қазақ әдебиетінің тағы бір толымды тұлғасы дәріл-бақи ғаламға аттанып бара жатыр. Марқұмның иманы саламат болсын. Алла алдынан жарылқасын.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button