ҚАРАҒАНДЫ. 17 шілде. Театр мен кино өнерінің көрнекті тұлғасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов өмірден өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қайрат Кемалұлы Кемалов 1957 жылы 8 қаңтарда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданыңдағы «Ақтүбек» ауылында туған. 1978 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген.
1978-1980 жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өнер көрсеткен. Ал 1980 жылдан бастап Қарағанды облыстық қазақ драма театрында қызмет етіп келді. Осы жылдарда Мұхтар Әуезовтің «Абай» пьесасында – Арыстан, Уильям Шекспирдің «Отеллосында» – Отелло, Шерхан Мұртазаның «Бәйдібек биінде» Бәйдібек образдарын сәтті сомдауы арқылы абырой жинады.
Қайрат Кемалов қазақ кино өнерінде де өзінің өрнекті ізін қалдырды. Оның «Қазақ хандығы» сериялы фильміндегі (2016, 2019) Керей хан рөлі жоғары бағаланды. Сондықтан 2019 жылы осы рөлі үшін «Тұлпар» ұлттық кино жүлдесіне ие болды. Сол сияқты 2019 жылы Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» романы бойынша түсірілген картинада Пахраддин бидің рөлі арқылы халықаралық деңгейде танылды. 2022 жылы Түркияның Бурса қаласында өткен «Қоркыт Ата» фестивалінде осы образы үшін «Үздік ер адам» номинациясын жеңіп алды. 2025 жылы Камерунда өткен фестивальде Пахраддин рөлі үшін тағы бір мәрте «Үздік ер адам» атағын еншіледі.
Актер 2006 жылы «Мәдениет қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атақтарына қол жеткізді. 2024 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.
Арамыздан осындай толымды тұлға кетіп бара жатыр.
Алла алдынан жарылқасын.
Талантты актердің қапыл қазасы көпшіліктің қабырғасын қайыстырып кетті. Белгілі жазушы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Смағүл Елубаев осыған байланысты бүгін Facebook әлеуметтік желісінде: «Қайрат Кемаловты «Ақ боз үй» фильмінде бас кейіпкер Пахраддин рөлін ойған кезінен бастап білдік. Қайраттың өмірде де, өнерде де өнегелі өр тұлға екенін көрдік. Ерте кеткені өкінішті. Алайда өнерде өлмес бейнелер жасап кетті. Өнер үшін өмір сүрген ініміздің жарқын бейнесі жұрт жүрегінде мәңгі жай таппақ. Қош бол Қайрат! Рухың Алла алдында шат болып жаның Жаннат төрінде шалқығай!» деген жазба қалдырды.
USD



