Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

«Путиннің ойыны жақын арада ол үшін абыройсыз аяқталады»

КИЕВ. 31 мамыр. Украина байтағына жұмыс сапарымен келген АҚШ сенаторлары жақында Путиннің қитұрқы әрекеттерінің бәріне нүкте қойылатынын айтты. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Путиннің ойыны жақын арада бітеді». АҚШ конгресінде Ресейге қарсы қосымша санкциялар туралы заң жобасы келесі аптада қаралуы мүмкін.

АҚШ сенаторлары Линдси Грэм мен Ричард Блументаль 30 мамыр, жұма күні Украинаға келіп, елдің басшысы Володимир Зеленськиймен кездесті.

Америка заң шығарушылары баспасөзге берген сұхбатында Ресейдің атысты тоқтатудан бас тартқаны үшін оған қарсы санкцияларды күшейту туралы заң жобасы келесі аптада қаралуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Өз сөзінде Грэм бұл заң жобасын ілгерілетуге дайын конгрессмендердің бар екенін айтты.

«Сіздер Конгресстің батыл қадамдарын көресіздер», – деді сенатор.

Грэм АҚШ президенті Дональд Трамптың алдағы екі аптаның шешуші болатынын айтқан сөздерін еске салды.

Сенатор 2 маусымда Ыстанбұлда өтетін кездесуде Ресей тарапынан ешқандай бейбітшілікті қалау ниетінің болмайтыны байқалып тұрғанын сөз етті.

«Осы екі аптаның ішінде Ресейдің тек АҚШ қана емес, сонымен қатар бүкіл әлемді қалай мазақ етіп, қандай ойын ойнап келе жатқаны белгілі болады. Біз Ресейдің бұл ойын ережелерін түбегейлі өзгертеміз», – деген республикашыл «Путиннің оспадар ойыны жақын арада аяқталады» деді.

Сенатор жаңа санкциялар Ресейге ауыр тиетінін және ресейлік энергетикалық ресурстарды сатып алатын Қытайдың жағдайын да өзгертетінін атап өтті. Жаңа санкциялар Ресейден энергия ресурстарын импорттауды жалғастыратын елдердің тауарларына 500 пайыздық баж салығын енгізуді ұсынады.

Блументаль сонымен қатар америкалық заң шығарушылардың 500 пайыздық бажға қатысты жоспарын растады. Сенатордың айтуынша, АҚШ Сенатының жауабы анық әрі біржақты болмақ.

«Ресей мұнайын, бензинін немесе мұнай-химия өнімдерін сатып алған кез келген адамға 500 пайыздық баж салығы салынады», – деді заң шығарушы.

Сенатор АҚШ-ты агрессор елге қарсы санкцияларды күшейтуге шақырған еуропалық одақтастарға таңданысын білдірді.

Демократиялық сенатор сонымен бірге Уашингтонды Украинаға көбірек Patriot әуе қорғанысы жүйелері, артиллерия және ұшақтар беруге шақырды. Жалаң сөз емес, нақты істер қажет екенін атап өтті.

Бұл ретте Украина басшысы Грэм мен Блументальға Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасын ілгерілеткені үшін алғыс айтып, бұл құжатты қазірдің өзінде 82 сенатор қолдағанын атап өтті.

Мемлекет басшысы агрессор мемлекет дипломатияны келемеждейтінін айтты, Оның пайымынша, Кремль келіссөздердің атын бүркемелеп ұстап, майданда жаңа шабуылға шығуға дайындалуда.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button