Қызылордада жаңғыртылған Аттракциондар паркі пайдалануға берілді

ҚЫЗЫЛОРДА. 1 маусым. Бүгін, 1маусым – Балаларды қорғау күні қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркінің ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осыған арналған жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев қатысты.
Рәсімде Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев кіріспе сөз сөйледі.
Содан кейін сөз адған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған қауымды Балалар күнімен және мәдени-демалыс паркінің қайта жаңғыртудан кейінгі ашылуымен құттықтады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті» деген болатын. Бүгін – өңіріміз үшін айтулы күн. Мерекеге орай қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркі, физика-математика мектеп-интернаты, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылып жатыр. Бұл ұлтымыздың «қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойына үлкен тарту болды. Жаңа, әсем, заманауи парктің құрылысын сапалы жүргізіп, мерзімінде пайдалануға берген елімізге белгілі «BI GLOBAL» компаниясының ұжымына Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан шынайы алғысымды білдіремін. Егемен елімізді дамыту жолындағы абыройлы істеріміз, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өрелі жұмыстарымыз табысты болсын! Балаларымыз аман, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Мереке құтты болсын!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов құттықтау сөзін айтты.
Жобаны сапалы әрі уақытылы салып бітірген мердігер мекеме «BI GLOBAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, Президент бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облысымызда кең ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қала, аудандар мен ауылдардағы парктер, скверлер, аллеялар мен көп қабатты үйлердің аулалары жаңартылып, көркейтілуде.
Өңірдің сәулеттік келбеті жаңарып келеді. Кәсіпкер, меценат Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен Қызылорда қаласының Орталық алаңы толық қайта жаңғыртылды.
Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен Жаңақорған ауданында 790 млн теңгеге заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылында 450 млн теңгеге «Еңбекшілер паркі» пайдалануға берілді. Мұндай демалыс орны жақында Қазалы ауданында да ашылып, тұрғындар игілігіне ұсынылды.
Қазіргі таңда Президент саябағын, Батырхан Шөкенов атындағы парк пен Қорқыт ата мемориалды аллеясын жаңғырту жұмыстары барған сайын қарқын алып келеді.