Әзербайжан коронавируспен күресті күшейтті
БАКУ. 29 наурыз. Әзербайжан билігі Covid-19 коронавирусымен күресті күннен күнге күшейтіп жатыр. Бұл туралы «Анадолу» агенттігі хабарлады.
Әзербайжанда 28 наурыздағы мәлімет бойынша жалпы саны 165 адам коронавирус жұқтырып алған. Бұлардың үшеуі қайғылы қазаға ұшырады. Ал 15 адам сауығып шықты.
Әзербайжан үкіметі елдің күнделікті өмірін өзгертіп жіберген Covid-19 вирусын жұқтырған бірінші оқиға белгілі болған кезден бастап оған қарсы бірқатар шаралар қабылдады.
Бірінші жағдай Ираннан Әзербайжан арқылы өтіп бара жатқан Ресей азаматынан табылды. Осыдан кейін Иранмен арадағы шекара тарс жабылды. Содан кейін барлық оқу орындарындағы сабақтар тоқтатылды. Артынша мемлекет өзінің жер бетіндегі барлық шекараларын жапты.
Елде көктем мерекесі – Наурыз тойы атап өтілген жоқ.
Әзербайжанда коронавирустан келген бірінші кісі өлімі оқиғасы 12 наурызда тіркелді. Билік осыдан кейін шараны күшейте түсіп, елдегі барлық спорт және көпшілік шараларын кейінге қалдырды. Өкімет Covid-19-бен күрес шеңберінде елдегі барлық кинотеатрларды, музейлерді, театрларды, кітапханаларды, ойын-сауық орталықтары мен спорт залдарын жауып, үйлену тойлары мен мерейтойлық шаралар өткізуге, көп адам жиналатын ас беруге тыйым салды.
Милли Меджлис (парламент) карантин шарттарын бұзушы жәнен коронавирусты таратуға себеп болушы тұлғаларды жазалауды қарастыратын бірқатар заң жобаларын мақұлдады.
Елде ауру жұқтырушылар санының артуына байланысты карантин щарттары да күшейтіле түсті. Министрлер кабинеті жанындағы жедел штаб коронавируспен күрес жөнінде қосымша шаралар қабылдады. Олар бойынша 29 наурыздан бастап Баку метросы таңертең 07:00-09:00 сағатта және кешке 17:00-20:00 сағатта жұмыс жасайтын болып бекітілді. Қалған уақытта метрополитен жұмыс істемейді. Бұдан бөлек, ресторандарда, кафелерде және шайханаларда клиенттерге қызмет көрсету тоқтатылды, мұның орнына керекті ас мәзірлерін үйлерге жеткізіп беру мен онлайн сауда қолға алынды. Бүкіл елде бүгіннен бастап барлық демалыс орындары жабылады. Бұлардың арасында ұлттық парктер мен бульварлар да бар.
Карантин режиміне байланысты қала көшелері босап қалған. Бейсәубет жүрген ешкім көрінбейді. Тұрғындар уақыттарының денін өз үйлерінде өткізеді, көшеге шыға қалса, беттеріне тұмылдырық (маска) киіп алады.
Билік даңғылдар мен көшелер бойларын ұдайы дезинфекциялап келеді.
Қауіпсіздік күштері тұрғындарға карантин шарттарын түсіндіріп, тұрғындардың, әсіресе, жастары 65-тен асқан адамдардың өз үйлерінен шықпауларын қатаң тапсырып отыр.
Азық-түлік дүкендерінде азық-түлік қорлары жеткілікті. Таяу арада тұрғындардың тұмылдырыққа деген сұраныстарын қамтамасыз ететін эксплауатациялық фабрика іске қосылады.
Әзербайжан билігі карантин кезінде өз елінің 10 мыңнан азаматын басқа елдерден алып келді. Соңғы 2 аптада эвакуакацияланған азаматтар 14-28 күнге карантинге жатқызылды. Карантин үшін бірнеше аурухана мен отельді бөлді.
Елге келгендер арасынан коронавирустың жаңа типін жұқтырып алғандар кездесті. Енді оның ел ішіне тарап кетпеу жағы қарастырылуда.
Билік коронавируспен күресті күннен күнге күшейтіп, тұрғындарды жаңа өмір салтына бейімдеуге ұмтылып келеді.