Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Сара Қонақай (Назарбаева) әулет зиратына жерленгенге ұқсайды

АЛМАТЫ. 18 мамыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші әйелі Сара Назарбаева Қарасай ауданы «Шамалған» ауылындағы Назарбаевтар әулетінің зиратына жерленген сияқты. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қазақстанды отыз жыл билеген Назарбаевтың дәсәуілгі өмірлік серігі Сара Қонақайдың (2017 жылдан бері өзінің шын тегін қайтып алған) әулеттің Қаскелең қаласымен іргелес «Шамалған» ауылындағы зиратына жерленгені айтылып жатыр. Қорымның ішінде бұрнағы күннен бері жаңа бейіт пайда болған.

Orda.kz тілшілері оқиға орнына арнайы барғандарында ол жерден ешқандай жазуы жоқ белгісіз қабірді көрген. Жаңа зират марқұм Болат Назарбаевтың қабірінің дәл жанына орналасқан. Бұл Қазақстанның бұрынғы бірінші ханымының қайтыс болғаны жөніндегі ақпардың растығына көз жеткізе түседі. Бірақ қалың қауымға «Бөбек» балалар қорының өмір бойғы президентінің қазасы неге бұлай жасырылып жатқаны түсініксіздеу болып тұр.

Сара Алпысқызы Қонақай 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысының «Қызылжар» ауылында туған. Қазақстанның бірінші ханымы тәуелсіздік алған күннен бастап 2019 жылға дейін осы ресми мәртебені иеленіп келді.

Сара Назарбаеваның кезінде Порфирий Ивановтың денсаулық жүйесін кеңінен насихаттағаны да белгілі. Оның ұсынысы бойынша мектептер бағдарламасына «Өзіңді өзің таны» деген пән енгізілді.

Нұрсұлтан Назарбаев 2023 жылдың желтоқсанында жарық көрген «Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа» деген мемуарында Сара Алпысқызы өзінің жалғыз әйелі емес екенін ашып жазған еді. Ол Әсел Исабаевамен неке қиғанын жасырмады.

16 мамыр күні Алматының жоғарғы жағында орналасқан Назарбаевтар отбасының резиденциясы маңында полиция мен күзет күшейтілді. Мұхаммед Хайдар Дулати көшесі уақытша жабылды. Оқиға орнына барған тілшілер ғимаратқа кіріп-шығып жатқан көптеген көлікті, сондай-ақ, катафалка – мәйіт таситын көлікті көрген.

Central Media News порталы сондай-ақ бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының Сара Қонақайдың Шамалғанда емес, Алматыдағы «Кеңсай-2» мазаратына жиені Айсұлтан мен күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың анасы, яғни құдағайы  Раисаның бейіттері жанына жерленгенін де жазғанын атап көрсетті. Алайда ресурс тілшілері барып тексеріп көргеннен кейін бұл маңда жаңа жабылған бейіттің жоқ екеніне көз жеткізіп қайтқан.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button