Трамп АҚШ-қа келетін тауарлардың бәріне жаңа баж салығын салды

УАШИНТОН.. 3 сәуір. АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден әкелінетін барлық тауарларға жаңа мөлшерде баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның жай-жапсарын 2 сәуір, сәрсенбі күні Ақ үйдің бағында өткен баспасөз мәслихатында республикашыл Трамптың өзі баяндап берді. Оның айтуынша, базалық тариф 10% болады.
Трамп салық мөлшерлерлемесін таныстыру барысында екі бағаннан тұратын кесте ұсынды. Онда қазіргі уақытта әртүрлі елдерде Америка тауарларына қандай баж салығы салынып жатқаны, сондай-ақ Уашингтонның енді оларға жауап ретінде қандай тарифтер енгізетіні көрсетілген. Кесте кейінірек Ақ үйдің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі аккаунтында жарияланды.
Айталық, Қытайдан келетін тауарларға баж салығы 34% болып белгіленген. Дегенмен, ең жоғары мөлшер бұл емес. Баж салығындағы ең көп алым Камбоджа (49%) Лаос (48%) және Вьетнам (46%) елдерінін тауарларына салынған. Ал АҚШ-қа жіберген әр тауарына бұлардан кейін көп баж салығын төлейтін дәулеттер қатарында Таиланд (36%), Индонезия (32%), Тайван (32%), Швейцария (31%), Қазақстан (27%) және Үндістан (26%) аттары аталды. Ал Еуропа одағы мемлекеттерінің бәрі 20%-дан төлейді. Мұнда Израильдің мөлшері бұдан сәл төмен – 17%, болады.
Дегенмен, Қазақстанның неге бұлай ала-бөтен жапа шегіп отырғаны түсініксіз. Әйтпесе, Орталық Азияның қалған барлық елдері – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан үшін бұл тариф 10%-ды құрайды.
Бұдан әрі Ұлыбритания, Бразилия, Аргентина, БАӘ және Украина үшін бұл мөлшерлеме бұрынғысынша 10% қалпында сақталып қалады. Бір қызығы, бұл тізімде Ресейдің аты еш жерде аталмапты.
Трамп бұл шешімді «бүкіл әлемдегі елдер үшін өзара тарифтер белгілеп беретін тарихи жарлық» деп атады. «Өзара қарым-қатынас дегеніміз мынау: олар бізге не істесе, біз де оларға солай етіп қайтарамыз, – деді АҚШ президенті. – Меніңше, бүгінгі күн Америка тарихындағы ең маңызды мерзімнің бірі болып қалады».
Дональд Трамп сондай-ақ АҚШ-қа импортталатын кез келген автокөлікке салынатын баж салығы мөлшерінің 25% екенін растады. Президент сөз сөйлегенге дейін-ақ бұл баж салықтарын енгізу туралы жарлық АҚШ-тың федералдық тізілімінде жарияланып қойылған болатын.
Құжатқа сәйкес, автокөліктерге салық 3 сәуірде күшіне енеді. Автокөлік қосалқы бөлшектеріне салынған қосымша тариф 3 мамырдан бастап жүзеге асады. Трамп олардың импорты АҚШ-тың «ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді» деп есептейді.
«Егер сіздер тарифтік мөлшерлемеңіз нөлге тең болғанын қаласаңыздар, онда өз өнімдеріңізді дәл осы жерде, Америкада жасаңыздар», – деді сосын Трамп.
Ол сөйлеп тұрған кезде инвесторларға әдеттегі сауда сағаттарынан тыс сауда жасауға мүмкіндік беретін S&P500 фьючерстері 2%-ға жуық құлаған.
Токио қор биржасында жапонның Nikkei225 индексінің фьючерстері 2%-дан астам мөлшерге төмендеген.