АймақЖаңалықтар жаңғырығы

«Күлкістан» театры «Шымкент-думан» фестивалінің бас жүлдесін алды (видео)

ШЫМКЕНТ. 2 сәуір. Кеше Шымкентте 1 сәуір – Халықаралық күлкі күніне орай ұйымдастырылған  «Шымкент думан» республикалық әзіл-сықақ театрлары фестивалі өз мәресіне жетті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Фестиваль көп жылғы үзілістен кейін қайта қолға алынып, ол қазақтың белгілі сатирик жазушысы, қоғам қайраткері Көпен Әмірбектің туғанына 75 жыл толуына арналды. Оны Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Сатиралық өнер думаны 31 наурыз күні Шымкент сатира театрында басталды. Оның ашылуында өнерпаздарға дәстүрлі құрмет көрсетілді. Сайысқа қатысушылар сол құрметтің символы ретіндегі қызыл кілемнің үстімен жүріп өтіп, өздерін көрермен қауымға таныстырды.

Фестивальге Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының әзіл-қалжың театрлары, барлығы 6 өнер ұжымы қатысты. Олардың тамашаларын қазақ сатира театры өнерінің қайраткері Бауыржан Ибрагимов бастаған, танымал сатирик жазушы Мұхтар Шерім, саланың майталман мамандары Берік Тұрсынбеков, Жұлдызай Дүйсенбиева қостаған қазылар алқасы бағалады.

Фестивальдің марапат рәсімі «Тулип холл» ғимаратының концерт залында өтті.

Нәтижесінде тамаша сайысында Көпен Әмірбектің «Пыш-пыш» атты әңгімесінің интерпретациясы мен өз реперуарындағы екі интермедияны көрермен назарына ұсынған Қызылорда облысының «Күлкістан» әзіл-сықақ театры (көркемдік жетекшісі – Дархан Пірназар, әртістері – Дінмұхаммед Әбжаппар, Мұқан Омаров) бас жүлдеге ие болды. Ұжымға Гран-при жүлдесінің дипломы мен 1 млн теңге көлеміндегі сыйақының сертификатын  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек тапсырды.

Бірінші орынға Алматы қаласындағы Құддыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры лайықты деп табылды. Екінші орынға Түркістан қаласының «Тарту» халықтық әзіл-сықақ театры ие болды. Үшінші орынды Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театрының ұжымы жеңіп алды. Бұған қоса, Көпен Әмірбек атындағы арнайы жүлде Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының ұжымына табыс етілді.

Бұдан басқа, барлық жүлдегерлер қаржылай сыйақылармен марапатталды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінің соңы мерекелік концертке ұласты.

«Күлкістан» театры 2008 жылы Қызылордада сатира актёрі Мағауия Қойбағаровтың жетекшілігімен құрылған болатын.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button