Макфол Трамп пен Вэнстің Зеленськийді сынауларына жауап берді

УАШИНГТОН. 1 наурыз. АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Майкл Макфол Трамп пен Вэнстің Зеленськийді сынағандарын сынға алды. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұрынғы елшіні Дональд Трамп әкімшілігінің Украина президенті Володимир Зеленськийді «алғыс айтуды білмейді» деп сынағаны ашындырып жіберіпті.
Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп пен вице-президенті Джэй Ди Вэнс Ақ үйде украин лидері Володимир Зеленськиймен жанжалдасып қалған кездерінде оны басқа талай нәрселермен бірге «алғыс айтуды» білмейді деп айыптады. Бұл – барынша әділетсіз мәлімдеме. Осыны америкалық дипломат, Құрама Штаттардың Ресейдегі бұрынғы елшісі Майкл Макфол Х әлеуметтік желісінде жазды.
Ол өз сөзінде Зеленськийдің АҚШ-қа, Конгресске, Америка халқына, тіпті Ресей агрессиясын қайтаруға көмектескені үшін Трамптың өзіне де орасан көп мөлшерде алғыс айтқанын атап өтті.
«Тұтастай алғанда, – деп жазды Макфол, – Трамптың әкімшілігін Украинаның одақтасы деп есептеу қиын».
Дипломат бұдан әрі былай дейді:
«Келіңіздер, түсіндіріп берейік. Трамп пен Вэнс Украинаға көмектесуге тырысып жатқандарын айтқанда, сол жұмыстары үшін оларға жеке-жеке алғыс айту қажет екен, бірақ мұнда адам таңғалатын себептер де бар.
1.Трамптың командасы Украинаға өз территорияларыңды Ресейге беруге тиіссіңдер деді.
Зеленський сол үшін оларға алғыс айтуы тиіс пе?
2.Трамп Украинаға НАТО-ның мүшесі бола алмайсың деді.
Зеленський сол үшін оған алғыс айтуы тиіс пе?
3.Трамптың командасы Америка солдаттары Украинадағы бітімгершілік миссиясына қатыспайды деді.
Зеленський сол үшін оларға алғыс айтуы тиіс пе?
4.Трамптың командасы Еуропаға орналасқан Америка әскерлерінің санын қысқарту жоспарластырылып отыр деді. Бұл – Путинге жасалған керемет сыйлық.
Зеленський сол үшін оларға алғыс айтуы тиіс пе?
5.Бұлар Зеленьскийге соғыстың тоқтатылуы жөніндегі келіссөз басталғанша Украинада президент сайлауы өтуі тиіс деді. Ер-азаматтың бәрі майдан даласына тартылып, елі қанға бөгіп жатқанда, бұл тағы қандай сайлау?
Зеленський сол үшін оларға алғыс айтуы тиіс пе?
6.АҚШ пен РФ-ның қарым-қатынасы әлдеқандай бір алдын ала жасалатын шарттарсыз-ақ мемлекеттік хатшы Рубио мен РФ СІМ басшысы Лавровтың Сауд Арабиясындағы кездесулері арқылы ресми түрде қалпына келтірілді.
Зеленський сол үшін оларға алғыс айтуы тиіс пе?
7.Трамптың уәкілдері сол кездесуде Ресейге салынған санкциялардың әлсіретілетіндеріне ишара жасады.
Зеленський сол үшін оларға алғыс айтуы тиіс пе?
8.Трамп Ресейді «Үлкен жетілікке» оралуға шақырды.
Зеленський сол үшін оған алғыс айтуы тиіс пе?
9.АҚШ БҰҰ-ның Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптаған қарарын қарсы дауыс берді. Трамп Ресейдің, Беларусьтің, КХДР-дың және басқа да диктатуралардың жағына шығу арқылы демократиялы әлемнің бірлігін быт-шыт қылды.
Зеленський сол үшін оған алғыс айтуы тиіс пе?
10.Вэнс өзі бүгін алғыс айтуын талап етіп отырған Зеленьскийге әскери көмек көрсетуге қарсы дауыс берді. Республикалық партия көмекті 6 айға кері шегерді.
Олай болса, Зеленський тап сол үшін Трамп пен Вэнске алғыс айтуы тиіс пе?
АҚШ-тың Конгрессі – иә, америкалық салық төлеушілер – иә, Украинаға көмек беріп келді. Бірақ Трамп Украина үшін әлі түк те істеген жоқ. Трамптың командасы тек Путинге ғана сый жасап жүр. Осы үшін бұлар ресейлік диктатордан алғыс айтуды талап ете алар ма еді?».
Бұған дейін америкалық саясаткер, Республикалық партияның парламент мүшесі Жасмин Крокетт АҚШ Өкілдер палатасындағы тыңдаулар барысында сөйлеген сөзінде өз партияластарын Ресей-Украина соғысына қатысты өте оғаш, өрескел, күлкілі, шындыққа мүлде жанаспайтын ұстанымдары үшін барынша қисынды сынға алғанын жазған едік.
Конгрессмен АҚШ президенті Дональд Трамптың жақтастарының, соның ішінде республикашыл заң шығарушылардың Ресейдің өзіне қауіп төндірмеген көрші елге шабуыл жасағаны туралы айдан анық фактіні мойындаудан бас тартқандарын беттеріне басқан болатын.