Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Зеленськийдің Fox News-ке берген сұхбатынан: түйткілді тұстар

КИЕВ. 1 наурыз. Украина президенті Володимир Зеленьский Ақ үйдегі кездесуден шыққаннан кейін Fox News телеарнасына сұхбат берді. Бұл туралы UNIAN ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Украина порталы президенттің америкалық телеарнаға берген осы сұхбатындағы түйткілді тұстарды теріп алып, жариялады.

Біз бұдан алдын Зеленський кездесуден шыққан соң Fox News телеарнасына сұхбат беретінін хабарлаған едік.

Трамппен қарым-қатынас туралы

«Трамптан кешірім сұрау жоспары жоқ па?» деген сауалға Зеленський өзін кінәлі сезінбейтінін айтып жауап берді.

«Мен президентті және Америка халқын құрметтеймін. Менің ойымша, біз қателескен жоқпыз», – деді ол.

«Трамппен және Вэнспен арадағы кикілжіңге өкінбейсің бе?» деген сұраққа украин басшысы мұны «бұл оншалықты жақсы нәрсе бола қойған жоқ» деп мойындады. Бірақ ол сонымен бірге Трамппен қарым-қатынасы екі президент арасындағы қарым-қатынастан жоғары болуы керек екенін, өйткені «мұның біздің халықтар арасындағы қарым-қатынас мәселесі» екенін атап өтті.

«Сіз қазір Ақ үйге оралуға дайынсыз ба?» деген сұрақтың жауабын Зеленський «жоқ» деп қысқа қайырды.

Американың Украинаға көмегі туралы

«Трампқа және АҚШ халқына көрсеткен көмегі үшін алғыс айтамын. Сіздер біздің аман қалуымызға көмектестіңіздер. АҚШ-тың қолдауынсыз бізге қиын болады. Сондықтан да мен осында жүрмін», – деді Зеленський.

Украина президенті «АҚШ-пен арадағы жақсы серіктестік қатынасты» жоғалтқысы келмейтінін атап өтті, бірақ ол сонымен бірге жаңа әскери көмек пакеттерінің әдейі қасақана кідіртіліп жатқанынан өкпе білдірді.

«Қалай құрметпен қарасам да, біздің қазір Америка Құрама Штаттарынан жеткілікті түрде жаңа қолдау көріп отырмағанымызды айтуым керек», – деді ол.

Бейбітшілік пен қауіпсіздік кепілдігіне ұмтылу туралы

Украина президенті украиндарға Ресейдің кез келген уақытта бұза салуына ыңғайлы атысты тоқтату келісімі емес, ұзақ мерзімді бейбітшілік қажет екенін атап өтті.

«Ешкім де соғыстың аяқталғанын қазір дәл украиндар сияқты қалай алмайды. [Бірақ] бейбітшілік деген тек соғыстың болмай қалуы ғана емес», – деді Зеленський әдетте республикашылдар қатты құрметтейтін АҚШ-тың бұрынғы президенті Рональд Рейганнан дәйектеме келтіре отырып.

Украина басшысы украиндарға агрессорға қарсылық көрсетуді тоқтатуға жай ғана бұйрық беріп қоя алмайтынын айтты.

«Бұған ешкім тоқтай салмайды, өйткені бәрі Путин ертең қайта оралады деп қорқады», – деді ол.

Зеленський егер АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдігін берсе, Ресеймен дипломатияға ашық екенін мәлімдеді.

«Ресейліктер біздің үйімізге басып кірді, олардың мұнда не істегендерін жұрттың бәрі видеодан көрді. Мұны олар не үшін істеді, Путинді керемет батыл жігіт деп айту үшін бе? Оның бізге керегі жоқ. Әрине, бұл сұмдықтарды ешкім ұмытпайды, бірақ енді тағы қайталанбағанын қалаймыз. Сондықтан бізге қауіпсіздік кепілдігі қажет», – деді ол.

Сонымен бірге, Зеленський Еуропаның бітімгершілік күштері соғыс аяқталғаннан кейін Украинаға орналастырылуы үшін Еуропаға да АҚШ-тың белгілі бір дәрежеде қауіпсіздік кепілдіктері қажет екенін атап өтті.

Зеленськийдің Трамппен жанжалы

UNIAN хабарлағандай, өткен түнде президент Зеленський Ақ үйде өзінің америкалық әріптесі Дональд Трамппен және оның орынбасары Джэй Ди Вэнспен кездесті. Әуелгіде әңгіме жақсы басталды, Трамп тіпті Украинаның басшысы мен украин сарбаздарын мақтап та қойды.

Алайда содан кейін әңгімеге араласқан Вэнс кенеттен Зеленськийден Америкаға көмегі үшін алғыс айтуды және Украинаның өзіне қойылған барлық шарттармен бірден келісуін талап етті. Шамасы, Ақ үй басшыларының бұл алдын ала келісіп алған сценарийлері бойынша өрбіген тірлік болуы керек. Осыдан кейін екеу – бір жақ, біреу – бір өзі болып, ауызша сөз таластырған тараптар бір-бірлерін тыңдаудан қалғандай кейіп көрсетті. Қожайындардың қоқан-лоққысына шыдамаған мейман ақырында орнына тұрып кетіп қалуға мәжбүр болды. Сөйтіп, Зеленський Ақ үйден ерте шығып кетті. Базбір бұқаралық ақпарат құралдары Зеленськийді Трамптың өзі қуып жібергендей етіп жазып жатыр.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button