Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Ақ үйдегі жанжал: АҚШ саясаткерлерінің пікірлері екіге жарылды

УАШИНГТОН. 1 наурыз. АҚШ-тағы Ақ үйде өткен Дональд Трамп пен Украина президенті Володимир Зеленський кездесуінің жанжалмен аяқталуын саясаткерлер әртүрлі қабылдады. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Трамп пен Зеленський арасындағы даудан кейін Демократиялық партия өкілдері АҚШ президентін сынға алып, «ол елді масқара етіп, Путиннің қолында ойнады» деп мәлімдеді. Трамптың партияластары – республикашылар керісінше оны қолдады.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен украин лидері Володимир Зеленськийдің Уашингтонда жұма, 28 ақпан күні өткен келіссөздері сирек кездесетін металдар туралы келісімге қол қоюға апару орнына жанжалмен аяқталды. Бұл мәселеге қатысты АҚШ Сенатының мүшелері мен басқа да америкалық саясаткерлер пікірлері негізінен олардың партиялық белгілеріне қарай екіге жарылды.

Республикашылар: «Америка бәрінен бұрын» қағидаты

Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон: «Бүгін біз Сопақша кабинетте Американы бірінші орынға қоятын америкалық президентті көрдік», – деді. «Американы пайдалануға және құрметтемеуге болатын күндер артта қалды», – деді ол.

Республикашыл сенатор Линдси Грэм журналистерге: «Сопақша кабинетте көргенім құрметсіздік болды және осыдан кейін біз Зеленськиймен қайтадан істес бола аламыз ба, оны білмеймін», – деді. Ол Украина президенті не «өзгеруі» керек, не «отставкаға кетіп, Уашингтонмен «жұмыс істей алатын» біреуді жіберуі керек» деген пікір білдірді.

Украина КСР-інде туып-өскен, қазір АҚШ Сенатында Индиана штатының өкілі болып табылатын Виктория Спарц «Зеленський АҚШ президенті мен Америка халқына тіл тигізу арқылы украин халқына үлкен зиян келтірді» деген пікір білдірді. «Бұл театр сахнасы емес, бұл – нағыз соғыс», – деді ол.

Ал сол партияның конгрессмені Дон Бэкон басқа ұстанымда болды. «Кейбіреулер шындықты жасырғысы келеді, бірақ біз оны елемей қоя алмаймыз. Бұл соғысқа Ресей кінәлі», – деді республикашыл депутат.

АҚШ демократтары: Мәскеу қуанғаннан аққайнар атуда

«Кремльде атылған аққайнар шараптарының тығындары көбейді», – деді Мэриленд штатынан сайланған Сенат мүшесі Крис Ван Холлен келіссөздердің қорытындысына түсіндірме беріп. Ол Трамп пен АҚШ вице-президенті Джэй Ди Вэнстің «Зеленськийді қорлап, өтірік пен жалған ақпаратқа толы шоу көрсетуі» «тіпті Путиннің өзінің бетін қызартады» және «бұл – Америка үшін ұят тірлік» екенін айтты.

«Біз Трампқа тарихты қайта жазуға немесе ондаған жылдар бойы қалыптасқан серіктестіктерді (Украинамен – ред.) жоюға жол бере алмаймыз»,– деді Сенаттағы Демократиялық партия жетекшісі Дик Дурбин. Ол Зеленськийден «шын жүректен кешірім» сұрады.

Массачусетс штатынан сайланған Демократиялық партия сенаторы Элизабет Уоррен АҚШ-тың қазіргі президенті «Украинаны қасқырдың талауына тастап, Путинге қалтқысыз қызмет көрсетіп, демократияның жойылуына бағытталған саяси спектакль қойып жатыр» деді.

Обама әкімшілігінде ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшінің орынбасары қызметін атқарған тағы бір демократ Бен Родс: «Трамп Америка Құрама Штаттарын әлемдегі автократиялармен тығырыққа тірелген тым оңшыл, авторитарлық, құндылықсыз олигархияға айналдыруда» деді.

Украина мен АҚШ президенттерінің кездесуі жанжалмен аяқталды

Володимир Зеленський мен Дональд Трамп 28 ақпанда Уашингтондағы Ақ үйде кездесті. Екі лидер АҚШ пен Украина арасында қазба байлықтарға қатысты келісімге қол қояды деп күтілді. Алайда, кездесу қызу пікірталаспен өткен кездесу бұған жол бермеді: Зеленський Трамппен және вице-президент Джэй Ди Вэнспен жанжалдасып қалып, Ақ үйден ерте шығып кетті. Сөйтіп, келісімге қол қойылған жоқ.

Кездесу барысында Трамп Зеленськийді бірнеше рет алғыс айтуды білмейді деп айыптады. «Сіз Үшінші дүниежүзілік соғыстың туып кетуіне жағдай жасап жатырсыз. Ал істеп жатқандарыңыз өзіңізге қолдау көрсетіп жатқан елге барынша құрметсіздікпен қараудың үлгісі болып табылады», – деді ол. Трамп сондай-ақ «егер Киев келіспесе, Украинада бейбітшілік орнату жөніндегі келіссөз процесінен шығамын», – деп қорқытты.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button