Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Қазақтың белгілі жазушысы Дулат Исабеков өмірден өтті

АЛМАТЫ. 21 ақпан. Қазақтың аса танымал жазушысы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков 83 жасында қайтыс болды. Бұл туралы өз мәнбесіне сілтеме жасаған  rast.kz хабарлайды.

Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағына қаламгердің ұлы Естияр жеткізді. Ұзаққа созылған науқастан кейін қалам қайраткерінің  соңғы демі бүгін түн жарымына жақындаған шақта үзілді.

«Қайран, Дулат ағам-ай, мынау жарық дүниеден Сіздің де кеткеніңіз бе? – деп жазды Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Қасымхан Бегманов осыған орай әлеуметтік желіде. – Осы қазір ғана, он-он бес минут бұрын Естияр Дулатұлы інішегім маған осынау алапат қайғылы хабарды жылап тұрып жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлына, қалабасының төңірегіндегі жігіттерге, басқа да ел ағаларына қаралы хабарды жеткіздім… Қазір өзім ағамның үйіне қарай кетіп бара жатырмын… Иә, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті. Қазақ халқына қатты қайғырып көңіл айтамын».

Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі – Түркістан) облысының Арыс ауданында туған.

Ол 1966 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. 1967-1968 жылдары Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор, 1968-1970 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор, 1971-1976 жылдары «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1976-80 жылдары «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі. 1980-1988 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министр репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы, 1987-1997 жылдары Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1997 жылы Мәдениеттану ғылым зерттеу институтының директоры болып қызмет істеді.

Дулат Исабековтің қаламынан туған әңгімелер мен пьесалар, повестер мен роман «Бекет» (1966), «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер» (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975), «Қарғын» (1980), «Екі жиырма» (1983), «Жеті желкен» (1987) деген атаулармен кітап болып жарық көрді. Оның жекелеген шығармалары бойынша «Гауһар тас» (режиссер Ш.Бейсембаев, 1975), «Дермене» (режиссер Асанәлі Әшімов, 1986) көркем фильмдері түсірілді. «Тор» пьесасы Ресей театрларында қойылды. «Мұрагерлер» пьесасы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Мұхтар Әуезов атындағы сыйлығы берілді. Бұдан бөлек, ол – Халықаралық ПЕН клубы мен Платиналы «Тарлан» сыйлығы лауреаты атанған.

Қош бол, қазақ әдебиетінің қабырғалы қайраткері!

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button