АҚШ Қытайдың TikTok қысқа сюжетті сервисіне тыйым салды

УАШИНГТОН. 19 қаңтар. АҚШ билігі Қытайдың TikTok қысқа бейнелі сервисінің елдегі жұмысын тоқтатты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Американың CNN телеарнасы кеше қосымшаның App Store және Google Play дүкендерінен жойылғанын баяндады. Оған кіруге тырысқандардың алдынан енді мұның қолжетімді емес екенін мәлімдейтін жазба шыға келеді. Себебі, Құрама Штаттарда TikTok-қа тыйым салатын заң күшіне енді. Сонымен бір мезгілде компаниядағылар Дональд Трамп президент қызметіне кіріскеннен кейін жағдайдың реттелетініне үміт артып, халықты жаңалықтарды қадағалап отыруға шақырды.
АҚШ-та аталмыш қосымшаның аудиториясы 170 миллион адамды құрайды.
TikTok Қытайдың ByteDance компаниясының меншігі болып табылады.
2023 жылы АҚШ барлау агенттіктері әлеуметтік желіні «Троя аты» деп санап, оның ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін мәлімдеді. Өйткені, ол Американың миллиондаған қолданушылары жөніндегі деректерді Қытай билігіне беріп, ақпаратты манипуляциялауы мүмкін екен.
2024 жылдың сәуірінде президент Джо Байден ByteDance 270 күннің ішінде бизнесін АҚШ-тағы немесе одақтас елдегі сатып алушыға сатпаса, TikTok-қа тыйым салынатын заңға қол қойды. 17 қаңтарда Жоғарғы сот бұл шешімді күшінде қалдырды. Bloomberg хабарлауынша, Қытай үкіметі TikTok-тың америкалық бөлімшесін бұрын Twitter-ді (қазір X) сатып алған SpaceX пен Tesla-ның егесі, миллиардер Илон Маскке өткізуге қатысты сценарий қарастырылып жатқанын мәлімдеген екен. Бірақ әлеуметтік желінің өзі мұны артынша жоққа шығарды.
Дональд Трамп 20 қаңтарда қызметіне кіріскеннен кейін TikTok-қа тыйым салуды 90 күнге кейінге қалдыруы мүмкін екенін, оған қатысты әлі түпкілікті шешім қабылдамағанын айтты. «Біз бұл мәселені мұқият қарауымыз керек. Бұл – өте ауыр жағдай. Егер мен мұны шеше алсам, дүйсенбіде жариялайтын шығармын», – деді ол.
TikTok-тың бас директоры Show Зи Чу ертең Трамптың инаугурациясына қатысқалы отыр.