Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Украина Қарулы күштері Курск облысында шабуылға шықты

КУРСК. 5 қаңтар. Украина армиясының бөлімшелері Ресейдің Курск облысы аумағындағы шабуылын қайта жалғастырды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Ресейлік әскери блогерлер осының жайын жеткізіп, дабыл қақты. Оны украин билігі де растады. «Әскери тілші» Роман Алехиннің хабарлауынша, Украина Қарулы күштері Үлкен Солдатское ауданын нысанаға алып, Суджаның солтүстік-шығыс бағытына қарай жылжыған. «Жау шабуылда алқапты минадан тазарту тралдарын, танкілерді және басқа да броньды машиналарды пайдалануда. Украин әскерлері радио электронды жүйесімен ауданды тығыз жауып тастады, сондықтан мұнда ұшқышсыз ұшақтар ештеңе де істей алмайды», – деп атап өтті ол өзінің telegram-арнасында.

Осыған ұқсас деректерді Сергей Колясников өзінің ZERGULIO арнасында келтіреді. «Аудан бірнеше қуатты радио электронды күрес жүйесімен жауып тасталған, сол себепті мұнда ештеңе ұша алмайды. Алда тралдар келе жатыр, артынан танктер мен броньды машиналар, оншақты техника бірлігі жүріп келеді», деп жазады Z-blogger. WarGonzo арнасы оқиға орнынан алынған мәнбелерге сілтеме жасай отырып, Курск аймағындағы шабуылға Украина техниканың айтарлықтай көп көлемін қосқанын баяндайды.

Шабуылдың басталуы фактісін Украина президенті офисінің басшысы Ондрий Эрмак растады. «Курск аумағында жақсы жаңалық бар: Ресей мұнда өзіне тиесілі сыбағасын алып, жазасын тартуда», деді ол Telegram-да. Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі жанындағы жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығының басшысы Ондрий Коваленко: «Курск облысындағы ресейліктер қатты қобалжуда, өйткені оларға бірнеше бағытта шабуыл жасалып жатыр, бұл олар үшін күтпеген жағдай болды. Қорғаныс күштері қатты жұмыс істеуде».

Ресей Қорғаныс министрлігі не болып жатқанын әзірге түсіндірмеді. Алайда, губернатордың міндетін атқарушы Александр Хинштейн хабарлағандай, 5 қаңтар күні таңертең Курскіге Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің орынбасары Юнус-Бек Евкуров келген.

Украина Қарулы күштері 6 тамызда Курск облысына басып кіріп, шабуылдың алғашқы апталарында шамамен 1300 шаршы шақырым аумақты бақылауға алған болатын. OSINT DeepState жобасына сәйкес, желтоқсан айының ортасына қарай украин күштері шамамен 496 шаршы шақырым аумақты басып алған.

Бұған дейін РФ диктаторы Владимир Путин өз әскерлерінен «жауды» Курск облысынан «қуып шығуды» бірнеше рет талап еткен еді, бірақ тапсырманы орындау мерзімі жарияланған емес. Соңғы рет 16 желтоқсанда Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқасында мұны тағы еске салды. Қараша айында Путин аймақты тез арада «территорияны тазартуға» уәде берген, бірақ содан бері Ресей армиясы айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізе алмады.

The Economist Ресейдің Курск аймағындағы шабуылын желтоқсан айында күшейткенін, бұл АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың 20 қаңтарға жоспарланған инаугурациясының жақындауына байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті. Егер ол Ресей-Украина шекарасына жетсе, Путинге аймақ аумақтарын Ресей армиясы басып алған Украина жерлеріне айырбастау туралы келіссөздер жүргізудің қажеті болмайды. Өз кезегінде Украина президенті Володимир Зеленьский бұл факторды болашақ келіссөздерде пайдалану үшін Трамп қызметіне кіріскенше плацдармды ұстап тұруды тапсырды.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button