Лукашенка Беларусьтегі «билікті тапсыруға» уәде берді
МИНСК. 7 қаңтар. Сайлау қарсаңында Беларусь президенті Аляксандр Лукашенка (белорусша аты-жөні) елдегі билікті жаңа ұрпаққа беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы BELTA ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ол сондай-ақ кезекті мәрте билікті өз қолында ұстап тұруға ұмтылмайтынын айтты», деп жазады агенттік.
«Мен билікке жармаспаймын. Бұл билікті жаңа ұрпаққа ақырын, тыныш беру үшін бәрін жасаймын. Өйткені, жаңа өкіметтің тұсында да өмір сүруден менің де үмітім бар, сіз де соны қалайсыз. Менің балаларым да өмір сүреді. Мен олардың қалай өмір сүретінін көргім келеді. <…> Сондықтан билікті қандай да бір күшпен ұстап тұруға тырыспайтыным менің үлкен артықшылығым болмақ», – деп сендірді Лукашенка Логоиск қаласындағы әулие Николай Чудотворец шіркеуінде құлшылық қылған кезінде.
Сонымен қатар, Аляксандр Лукашенканың сөзінен оның Беларусь саясатынан тысқары кетпейтінін де болжауға болады, ол кем дегенде әбден қартайғанша билікпен жағаласып өтпек. «Денсаулығым мүмкіндік бергенше, мен сендермен бірге боламын. Өз қолымызбен жасаған дүниемізді сақтап қалу үшін қай қызметте болмасын еңбек етемін», – деді ол.
«Зеркало» 2020 жылы Беларусь тарихындағы жаппай наразылық президент сайлауындағы заң бұзушылықтарға байланысты орын алғанын атап өтті. Билікпен келіспеген мыңдаған адам түрмеге жабылды, тағы жүздеген мың адам қуғын-сүргіннің күшеюінен елден кетті.
Беларусь президентінің айтуынша, алдағы бес жыл «ұрпақ алмасу» уақыты болмақ. «Мен және мен секілді көптеген адам мәңгілік емеспіз. Біз жас ұрпақты дайындауымыз керек. Жастар – келесі ұрпақ. Беларусьті қолына алып, қамқорлық жасайтын балаларымызды бағалауыымыз керек. Әйтеуір, сіз бен біз – бүгінгі ұрпақ, оны қорғап, осы елді егеменді, тәуелсіз еттік. Тарихта алғаш рет», – деген Лукашенка ұрпақ алмасудың азапты процесс екенін, бірақ мұның белорустарға зияны тимейтінін айтты.
Алдағы сайлау туралы меңзеген Лукашенка елді «ауыр емтихан» күтіп тұрғанын атап өтті. «Бізге қалыпты үкіметті, қалыпты президентті, еліміздің даму жолын көрсететін өкіметті анықтау керек. Біз бұдан қашып құтыла алмаймыз. Ұрпақ алмасуының мәні осында», – деген ол өзінің осы істердің басы-қасында жүретінін байқатты.
Беларусь президентінің сайлауы 26 қаңтарда өтеді. Оған қатысуға бес адам тілек білдірді, ішінде елді 1994 жылдан бері (алты мерзім) басқарып келе жатқан 70 жастағы Лукашенка да бар. Өткен жұмада ол сайлау «адамдардың үміткерлер құлағына немесе басына оқ ататын америкалық шоу емес, мереке болуы керек» деді.