АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Белгілі күйші-композитор Мұрат Сыдықов өмірден өтті

АРАЛ. 6 қаңтар. Белгілі күйші-композитор, ақын-жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы Мұрат Сыдықов 85 жасында қайтыс болды. Бұл туралы өз мәнбелеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Бүгін таң азаннан ел жақтан, Сыр бойынан, Арал аумағынан осындай қаралы хабар жетті.

Бір бойына жеті бірдей өнер қонған тума талант, Сыр сүлейлерінің сарқыты Мұрат Сыдықов туралы сөз бола қалғанда, ең алдымен тағдыры теңізбен біте қайнасқан оның Аралды жыр тілімен, музыка тілімен жоқтаушы жаран екені ойға оралар еді. Сондықтан оның «Теңізбен мұңдасу» атты толғауы өзіне қойылған ескерткіштей сезіледі.

Мәкеңді ең алғаш рет композитор ретінде танытқан сонау 60-шы жылдардың ортасында шыққан «Сыр гүлі» атты әні болатын. Қайырмасы «Сымбатты сұлу Сыр гүлі, Елімнің әнші бұлбұлы, Сұлу Сыр бойында, Ерке өскен сол бір қыз, Еңбекте озат, үлгілі» деп шырқалатын сол әуен сол жылдары өмірде болған толқынның көбінің құлағында әлі жаңғырығып тұр.

Мұрат Сыдықов1940 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бөген ауылдық кеңесіне қарасты «Қарашалаң» елді мекенінде балықшы, өнерпаздар отбасында туған. Әкесі Сыдық мерген аңшы, домбырашы, сауыққой-сері, анасы Болқын қолөнер және сөз шебері болған екен. Өнері әке қанынан дарыған бала Мұрат 5 жасынан қолына домбыра ұстап, көп ұзамай Қазанғаптың, Құрманғазының, Динаның күйлерін тарта бастапты. Осы тұста өзі де өлең, ән жазуға бет бұрады.

Мұрат Сыдықов 1980 жылы өзінің әулеті мүшелерінен «Сыдықовтар отбасылық ансамблін» құрып аудан, облыс жұртшылығына концерттер беріп, өнерсүйер қауымның мақтанышына айналды. Қазақ, орыс, батыс композиторларының және өзінің ән-күйлерін шебер орындайтын дәрежеге жетті.

Мұрат Сыдықов виртуоз орындаушы ретінде республикалық, Бүкілодақтық және халықаралық өнер байқауларының лауреаты атанды. Сонымен бірге шебер сценарий жазушы болды, режиссерлығы мен актерлығы кеңінен танылды. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, бірнеше шәкірттер тәрбиелеген білікті ұстаз дәрежесіне жетті. Оның түрлі жанрдағы мазмұны терең, идеясы жоғары, салиқалы шығармалары туған жері – Аралмен өзектесіп, теңіз, даламен үндесіп жатады.

Композитордың «Қайдасың сен», «Балықшы қыз», «Сыр гүлі», «Сырдария», «Шаттанамын», «Шалқи бер, дала», «Аққуым менің», «Майдангерлер мәңгі жасайды», «Туған жер» секілді әндері мен «Теңізбен мұңдасу», «Арал толқыны», «Біздің Ғани», «Әке арманы», «Қайран ағалар», «Балдыз», «Өмір толғауы», «Тойға шашу», «Балтабай», «Мұраттың төкпесі», «Қос тұйғын» атты күйлері халқымыздың рухани байлығына қосылған асыл қазыналар болып табылады. Ал «Батыр баба-Жанқожа», «Махамбеттің толғауы», «Тойға шашу», «Астанаға сәлем» сияқты симфониялық күй-поэмаларын атақты Қазанғап атындағы халық оркестрі мен Тұрмағанбет атындағы облыстық қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің тұрақты репертуарында күмбірлете ойнайды.

Мұрат Сыдықовтың ежелден келе жатқан жыраулық өнердегі еңбегі өз алдына бір төбе. Ол, әсіресе Арал-Қазалы өңірінде XIX-XX ғасырларда өмір сүрген Бижан, Бітімбай, Молда Дәулет, Жаңаберген, Жаппарберді, Кәрібоз, Жалғасбай, Дәріқұл, Жәмет, Үмбетәлі, Сары (Жансүгір) тағы басқа дүлдүл, жампоз жыраулардың 40-қа жуық ән-мақамдарын зерттеп жинақтай білді.

Кешегі ұлы күйші-композитор Қазанғап пен даңғайыр шайыр Нұртуғанның лайықты ізбасары, қазақ өнерінің ірі өкілдерінің бірі Мұрат Сыдықовтың әсем әндері мен керемет күйлері, тағылымды терме-толғаулары, өлең жырлары халқымыздың рухани байлығына қосылған асыл қазыналар болып есептеледі. Оның ерен еңбекке толы өнермен өрілген өмірі бүгінгі, кейінгі ұрпақтарымызға үлгі-өнеге болып қала береді.

Мұрат Сыдықұлы сонымен қатар барынша қарапайым, адал, жұртқа жанашыр, көпшіл абзал азамат еді.

Ортамыздан осындай жан-жақты тума талант иесі, даңғайыр дарын ақсақал кетіп бара жатыр.

Енді біз марқұмның әулетіне, туған туыстарына, отбасына, өмірдегі және өнердегі серігі Базар Қостаева апамызға көңіл қосын білдіреміз.

Мұрат ағамызды Алла алдынан жарылқасын. Пейіште нұры шалқысын.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button