Әлиев Әзербайжан лайнерінің апаты үшін тағы Ресейді кінәлады
БАКЫ. 6 қаңтар. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ел ұшағының апатқа ұшырауына Ресей жағы тікелей айыпты екенін тағы да мәлімдеді. Бұл туралы Azertag ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Әзери елінің лидері мұны Ақтау жеріне келіп құлаған сол ұшақта қаза тапқандар туыстарымен кездесуі кезінде қайталады. Ол 25 желтоқсан күні Бакыден Грозныйға қарай ұшып шыққан ұшақты атқылаған «Ресей Федерациясының өкілдерін» қатты сынға алды. Осы жерден соққы алған ұшақты олар сосын Ақтауға қарай айдап салған. Мұндағы мақсаттары өздері атқан лайнердің Каспий теңізі үстінде құлап, соңында айғақ қалдырмауына үміт артқан.
Апат кезінде бортта 62 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған. Олардың 38-і қаза тапты.
«Мен бұл апатта Әзербайжан азаматтарының қаза болуына кінәлі Ресей Федерациясының өкілдері екенін сеніммен айта аламын және біз әділеттілікті талап етеміз, кінәлілерді жазалауды талап етеміз, біз толық ашықтық пен адами мінез-құлықты талап етеміз», – деді Әлиев.
«Ресей мемлекеттік органдарының ұшақ апатының себебін «күлтілдетіп жібермек» және оқиғаның «сандырақ болжамдарына» сендірмек болған әрекеттері Әзербайжанда «таңданыс пен өкініш және негізі бар ашу» тудыруда», деді сосын Әлиев.
Әлиев Әзербайжан ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін Ресейден «адами мінез-құлық» көрсетуді талап етті. Мемлекет басшысы Грозный қаласы әуе кеңістігін жабу шаралары дер кезінде қабылданса, жер үсті қызметтері барлық ережелерге сай әрекет етсе, Ресей Федерациясының қарулы күштері мен мемлекеттік қызметтері арасында тиісті үйлесім болса, бұл қайғылы оқиға орын ала қоймаған болап еді, дегенді білдірді.
Президент сондай-ақ қазіргі уақытта «қара жәшіктердің» құпиясын ашу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті, бірақ Грозныйдағы тергеудің әділ жүргізілгеніне күмән келтірді. Ол егер Ресей қайғылы оқиғаның алғашқы сағаттарынан бастап шынайы және объективті тергеуге дайын екенін көрсеткен болса, Әзербайжан «қара жәшіктердің» шифрын шешуді Мемлекетаралық авиация комитетіне (МАК) тапсыруға келіскен болатынын еске салды.
Әлиев Ресей тарапының апатқа себепкер ретінде алға тартқан «құстың соғуы» немесе «газ баллонының жарылуы» сияқты ресми нұсқаларын сынады. Ол бұл версияларды жауапкершіліктен жалтару және қайғылы оқиғаның нақты себебін жасыру әрекеті деп атады.
«Мұндай өтірік айту мен жауапкершіліктен жалтару Ресей билігінің ниетінің шынайылығына үлкен күмән тудырады», дейді сарапшылар.
Әзербайжан президенті Путиннің кешірім сұрауын қабылдай қойған жоқ, себебі, онда кінәні мойындау немесе жағдайды түзету үшін нақты қадамдар байқалмады. Оның айтуынша, Әзербайжан тікелей кінәлілерді жазалауды және өтемақы төлеуді талап етеді.
Әлиевтің сыны Ресейге халықаралық қысымды күшейтеді. Сарапшылар оның ашық айыптауы Ресей-Әзербайжан қарым-қатынасының күрт нашарлауына әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Жағдайға, әсіресе, Ресейдің өз кінәсін мойындаудан бас тартуы және ұшақ апатының шынайы себептерін жасыруға тырысуы кері әсер етті.
Әзербайжан басшысының осы табандылығы мен қайсарлығы әлем жұртшылығына ұнап отыр. 2014 жылы Малайзия жолаушылар ұшағын Донбасс аспанында атып түсіргендерін Амстердам соты толық дәлелдеп шыққаннан кейін де кінәларын мойындамаған Ресей билігінің бетпақтығын бүгінде бүкіл әлем біледі.