Қазақстан жолайрықта: Головкин ел боксының IBA-дан кетуін қалайды
АСТАНА. 7 шілде. Қазақстан Олимпиялық комитетінің президенті Геннадий Головкин ел бокс федерациясын IBA-дан шығып, World Boxing ұйымына кіруді ұсынды. Бұл туралы Offside.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жақында бокс әлемінде орын алған оқиға көптеген спорт аналитиктері мен әуесқойларының қаперлерінен тыс қалмады. Жұрт назары Халықаралық бокс ассоциациясынан (IBA) шығып, World Boxing атты жаңа ұйымға қосылатынын баяндаған Қазақстан бокс федерациясына ауды.
Қазақстан Ұлттық Олимпиялық комитетінің президенті Геннадий Головкин Reuters агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан Бокс федерациясының (ҚБФ) Халықаралық бокс ассоциациясынан (IBA) шығып, World Boxing ұйымына қосылмақ болып отырғаны, оған Халықаралық Олимпиялық комитеттің (ХОК) реакциясы жайлы өз пікірін білдірді.
Ресейлік Умар Кремлев басқаратын Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) тағы да дау-жанжалдың ортасында қалды. ХОК оны қитұрқы бұлыңғыр әрекеттері мен жемқорлыққа белшеден батқаны үшін бұдан былай мойындаудан бас тартты. Ол 2020 жылдан бері бокстан олимпиялық жарыстарды өзі ұйымдастырып жүр. Бұл IBA-ға берілген ауыр соққы болды. 2023 жылғы мамырда ХОК бұдан әрі IBA турнирлеріне қатысқан бокс федерациясы өкілдерінің 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиялық ойындарға жіберілмейтінін мәлімдеді. Комитет мұндай ұйғарымға алаяқ Кремлев 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне ешқандай қатысы болмаса да, $3,1 млн көлемінде сыйақы бермек болған ниетін білдіргеннен кейін келді.
Осы тұста Геннадий Головкин Қазақстан Бокс федерациясының IBA-дан шығуы қажеттігін айтты. Ол ХОК-тың мойындайтын шағы жақын қалған World Boxing ұйымына қосылуды ұсынды.
Жаңадан құрылған World Boxing ұйымына қазір Аустралия, Аустрия, Аргентина, Барбадос, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Гондурас, Дания, Доминика республикасы, Канада, Моңғолия, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Панама, Перу, Сингапур, АҚШ, Француз Полинезиясы және Швеция елдерінің федерациялары кіреді. Бұл ұйым жемқорлық пен тамыр-таныстық жайлап алған ИБА-ға қарағанда, жарыстардың бәрін ашық және әділ етіп өткізуге уәде беріп отыр.