Сыр бойында күріштен рекордтық деңгейде өнім алынып жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. 16 қыркүйек. Қызылорда облысының күріштік алқаптарында биылғы орақ науқанында дақылдан рекордтық мөлшерде өнім алынып жатқаны белгілі болды. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Аймақтағы ірі шаруашылықтар күріштің әр гектарынан орташа есеппен 90 центнерге жуық өнім алуда», – делінген хабарламада.
Биылғы жылы Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 3500 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын сепкен. Шаруашылық диқандары мұның қатарында 1300 гектар жерге күріш егіп, бүгінде оның әр гектарынан орташа есеппен 89 центнерден түсім түсіруде. Аудандағы егіншілік саласында көп жылдық тәжірибесі бар «Таң ЛТД» ЖШС биыл 3000 гектар жерге егін екті. Оның – 1500 гектары күріш. Қазіргі күндері аталмыш дақылдың гектарынан орташа есеппен 85 центнерден дән жиналуда. Бұдан бөлек, 80 гектарға қант құмайы, 800 гектарға жоңышқа, 150 гектарға түйежоңышқа дақылдары егілген.
Жалпы, облыс бойынша 189 мың гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары орналастырылған. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрайды.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында биылғы жылы диқан қауымға су қажетті мөлшерде жеткізілді. Шаруашылық құрылымдары егілген ауыл шаруашылығы дақылдарына күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізді.
Сонымен қатар, егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілді.
Бүгінде егілген 85,6 мың гектар күріштің 27,7 мың гектары орылып, 19,2 мың гектары бастырылды. Тиісінше, егілген әр гектардан орташа есеппен 49,6 центнерден өнім алынуда.
Қазіргі таңда облыста егілген егін жинау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
«Таң ЛТД» ЖШС Қытай компаниясымен бірлесіп, тамшылатып суару әдісімен 3000 гектар жерге жүгері егу жобасын қолға алды. Осы кезге дейін 800 гектарға жүгері дақылы тамшылатып суару әдісімен жүгері дақылы егілді.
Бұдан бөлек, «Ер-Әлі» шаруа қожалығында 6 гектар алапта тамшылатып суару әдісімен алма бағы өсірілуде. Мұнда 5000 түп «Голден Делишес», 5000 түп «Джонатан», 2650 түп «Семиренко ренеті» сорттары күтімге алынған.
Қазіргі күндері облыс шаруашылықтарында егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр.